Accessibility links

Назарбаев Қытайға барды


Қазақстан-Қытай шекарасындағы Қорғас құрлық порты. (Көрнекі сурет)
Қазақстан-Қытай шекарасындағы Қорғас құрлық порты. (Көрнекі сурет)

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 6 маусымда Қытай астанасы Пекинге сапарлап барды.

Президент баспасөз қызметі "мемлекеттік сапар" деп жариялаған шара барысында Назарбаев бірқатар кездесу өткізіп, соңынан Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) Циндао қаласында өтетін саммитіне де қатыспақ.

Қазақстан президенті Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен, Мемлекеттік кеңес премьері Ли Кэцянмен, Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының Тұрақты комитет төрағасы Ли Чжаньшумен кездесетін болады. Бұған қоса Назарбаевтың Қазақстан мен Қытай бизнесмендерімен де кездесіп, екі жақты құжаттарға қол қоюы жоспарланған.

Ал соңғы кезде қысымға ұшыраған Қытайдағы этникалық қазақтар ортасындағы туыстарына барып ұсталып, қамалған Қазақстан азаматтары мәселесі бұл сапарда айтылар-айтылмасы әзірге белгісіз.

Қазақстан президенті Қытайға сапары кезінде 9-10 Циндаода өтетін ШЫҰ саммитіне де қатысып қайтады. Ұйым тұңғыш рет сегіз елдің басшысының қатысуымен өткізілгелі отыр. Былтыр Астанада өткен ШЫҰ жиынында ұйым құрамына Үндістан мен Пәкістан қабылданған еді. Саммит соңынан Циндао декларациясы қабылданбақ.

2001 жылы құрылған ШЫҰ-ға Үндістан мен Пәкістаннан басқа Қытай, Ресей, Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан мүше. Төрт ел: Ауғанстан, Беларусь, Иран және Моңғолия ұйымға бақылаушы мәртебесінде қатысады. Ал Әзербайжан, Армения, Камбоджа, Непал, Түркия және Шри-Ланка тәрізді алты ел - ұйымға серіктестер қатарында.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG