Accessibility links

Қырғызстанда Kaz Minerals Bozymchak кеңсесін тінтті


Қырғызстанның Жалал-Абад облысы Ала-Бука ауданындағы Бозымчак мыс кен орны.
Қырғызстанның Жалал-Абад облысы Ала-Бука ауданындағы Бозымчак мыс кен орны.

Қырғызстанның экономикалық қылмыспен күрес мемлекеттік қызметі Kaz Minerals Bozymchak компаниясының кеңсесіне тінту жүргізді. Бұл жайында Азаттықтың Қырғыз редакциясына компанияның қоғаммен байланыс департаментінің басшысы Жайыл Дадиев хабарлады.

Оның айтуынша, экономикалық қылмыспен күрес мемлекеттік қызметінің қызметкерлері 55 миллион сом төленбеген салық дауына қатысты құжаттарды тексерген. Тергеушілер бұған қоса кен концентратының құрамын да алып кеткен. Компания қазір қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр.

Дадиевтің сөзінше, KAZ Minerals Bozymchak-тың банктегі есепшотынан қаржы полициясының депозиттік есепшотына 55 миллион сом аударылған. Енді сот ол ақшаны мемлекет пайдасына алып қою немесе компанияға қайтарып беру мәселесін шешеді. Іс 2 шілдеде Бішкектің экономикалық істер бойынша ауданаралық сотында қаралады.

Мемлекеттік қызмет ақпаратына қарағанда, компания 2015 жылдан бастап Қырғызстаннан алтыны бар 9,7 миллион тонна концентрат шығарған. Ведомство KAZ Minerals Bozymchak-тің лауазымды өкілдері концентратта негізінен мыс болған, ал алтын тек ілеспе металл түрнде ғана кездесті деп отырғанын айтады. Ресми мәлімет бойынша, 2014 жылдан 2016 жылға дейінгі уақытқа KAZ Minerals Bozymchak компаниясына жалпы көлемі 55 миллион сомнан (809 мың доллардан асады) көп салық есептелген.

26 мамыр күні KAZ Minerals Bozymchak-тің бас директоры Ілияс Түлекеев Бішкекте салық төлеуден жалтарды деген күдікпен ұсталған. Сол күні оған "коммерциялық немесе басқа да ұйым қызметкерінің қызмет бабын теріс пайдалануы" деген бап бойынша іс қозғалған. 27 мамыр күні Бішкек соты Түлекеевті босатқан.

Оқи отырыңыз: Түлекеевтің ұсталуы инвесторларды үркітпей ме?

БАҚ ақпараты бойынша, Ілияс Түлекеев KAZ Minerals Bozymchak компаниясын ол құрылған күннен басқарады. 2007 жылы жұмысын бастаған "Казахмыс Голд Кыргызстан" компаниясының атауы 2015 жылғы қазанның 31-і күні KAZ Minerals Bozymchak болып өзгертілген. KAZ Minerals PLC тобына кіретін компания Қырғызстанның Жалал-Абад облысы Ала-Бука ауданындағы Бозымчак кен орнында геологиялық барлау жұмыстары және мыс-алтын өңдеумен айналысады. Компания сонымен бірге кен орнын пайдалануға қажетті өзге де лицензияларға ие.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG