Accessibility links

"Суицидке әрекет еткен" ақтөбелік ауруханада қайтыс болды


Ақтөбе облысының картасы
Ақтөбе облысының картасы

"Өзін-өзі жарып жібермек болған" ақтөбелік 6 маусым күні жедел жәрдем ауруханасында қайтыс болды. Ол жарылғыш заттың жарықшақтарынан ауыр жараланып, түсте ауруханаға түскен.

Ақтөбе облыстық ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, бірнеше сараптама тағайындалған. «Сарапшылар марқұмның қандай жарылғыш зат қолданғанын анықтауы тиіс» дейді полиция.

Аты-жөнін атамауды өтінген дереккөздің мәліметінше, 1970 жылы туған азамат жеке күзет фирмасының басшысы болған. Ол Ақтөбенің 312 атқыштар дивизиясы даңғылындағы жұмыс орнында өзіне қол салмақ болған. Бірақ ауыр жағдайда ауруханаға жеткізіліп, бірнеше ота жасалғанына қарамастан 6 маусым күні кешкі тоғыздар шамасында жан тапсырған.

Бұл - биылдыққа "өзін-өзі өлтірген" үшінші күзет қызметкері. Биыл 8 қаңтарда Ақтөбенің Ахтанов көшесіндегі қалалық әкімдік ғимаратынан "оқ тиіп, мерт болған" азаматтың мәйіті табылған. Ертесі - 9 қаңтар күні Ақтөбе облыстық арнайы күзет қызметі басқармасы басшысының орынбасары Руслан Маханов "35 жастағы "Күзет" қызметкері Байбек Қарымсақовтың өзіне қол салғанын" мәлімдеген болатын. Артынша 13 наурыз күні қызметтік көлігінен "Күзет" инспекторының мәйіті табылды. Жедел жәрдем қызметінің мәліметінше, марқұмның жасы 46-да, ол ішіне оқ тиіп қаза болған. Ал кеше қаза болған азаматтың жасы 48-де екені айтылады. Марқұмдардың соңғы екеуі жеке күзет фирмасында еңбек еткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG