Accessibility links

БАҚ: Ресейде ГУЛАГ тұтқындарының құжаттарын құпия түрде жойып жатыр


ГУЛАГ лагерлер жүйесіне кірген Қарлаг тұтқынының жеке ісі қойылған стендті қарап отырған әйел (Көрнекі сурет).
ГУЛАГ лагерлер жүйесіне кірген Қарлаг тұтқынының жеке ісі қойылған стендті қарап отырған әйел (Көрнекі сурет).

Ресей билігі 2014 жылы шыққан құпия бұйрық бойынша СССР тұсында қуғындалғандар туралы мұрағат құжаттарын жойып жатыр. Бұл туралы ресейлік "Коммерсантъ" газеті ГУЛАГ тарихы мұражайының директоры Роман Романовтың президент жанындағы Адам құқығы жөніндегі кеңес басшысы Михаил Федотовқа жазған хатына сілтеме жасап хабарлады.

Романовтың айтуынша, қуғындалған туыстарының тағдыры туралы мәлімет алғысы келгендер Ресей Ішкі істер министрлігінен сотталғандарды есепке алған карточкалардың жойылғаны туралы жауап алған.

Биыл көктемде қуғынға ұшыраған шаруа Федор Чазов туралы ақпарат іздеген зерттеуші Сергей Прудовский тұтқындардың жеке істері ғана емес, мұрағат карточкалары да жойылғанын анықтап білген. Зерттеуші сұрау салған ішкі істер министрлігінің Магадан облыстық басқармасы 2014 жылы 12 ақпанда "қызмет бабында қолдану үшін" деген белгі соғылған бұйрық шыққанын хабарлаған. Федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ), ішкі істер министрлігі, Әділет министрлігі, Бас прокуратура, Сыртқы барлау қызметі және басқа да ведомстволар басшылары қол қойған құжатта сотталушылардың карточкасы "сотталушылар 80-ге толғанға дейін" сақталатыны айтылған. Осыған байланысты "қызмет бабында қолдану үшін" деген белгісі бар бұйрық шығарылған. Бірақ ішкі істер министрігі оның не себепті құпия екенін түсіндірмеген.

ГУЛАГ тарихы мұражайының директоры бұл мәселенің мән-жайын анықтауды сұрап, президент жанындағы Адам құқығы жөніндегі кеңеске жүгінген. Михаил Федотов оған көмектесуге уәде берген. Романовтың сөзінше, мұрағат материалдары міндетті түрде сақталуы тиіс, себебі ол "тарихты бұрмалауды болдырмайтын құрал" саналады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG