Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан облыстық кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты "өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" күдігіне ілінген Нұрбек Тұрсынханның ісін қарай бастады.
№83 мектептің оқушысы Ерсұлтан Ахметов 2018 жылдың 10 ақпанында өзіне-өзі қол салып, қайтыс болған. Марқұм мектепте ақша бопсалап, қысым көргенін, өліміне төрт баланы кінәлап, аттарын атап хат жазған.
Істі судья Қайрат Қоңырбаев қарап жатыр.
Сотқа Қаратау ауданы Қайнарбұлақ саяжайындағы №83 мектептің 20 оқушысы мен олардың ата-аналары, мектеп директоры мен мұғалімдері, прокурор мен адвокаттар мен тергеуші қатысып жатыр.
Сотта айыпталушы Нұрбек Тұрсынхан мектеп "президенті" (мәдени іс-шараларға басшылық жасайтын оқушы - ред.) болғаны айтылды.
Сот отырысында жәбірленуші деп танылған он оқушы тергеушіге арыз жазбағанын, тергеуші түсініктеме бересіздер деп шақырғанын, айыпталушы ақша бопсаламағанын, қысым көрсетілмегенін айтты.
Судья тергеуші Мұса Әлкеевтен жауап алып жатқанда "кім тергеушіге өз еркімен арыз жазбады?" деді. Сот залында отырған он ата-ана мен олардың балалары орнынан тұрды. Төрт оқушы өз еркімен арыз жазғанын айтты. Қалған жәбірленушілер үнсіз қалды.
"Ақша бопсалады" деп арыз жазған оқушылардың бірінің ата-анасы ақша бопсалағанымен айыпталушының үстінен арызданбағанын айтты. Судья іске бұл арыз тіркелмегенін айтып, тергеушіден арызды сұрады.
"Арыздардың бәрі үтір-нүктесіне дейін бірдей. Жәбірленушілер жауаптары бұрмаланғанын айтады. Педагог, психологтар жауап алар кезінде қатыспаған. Жәбірленуші деп танылған кәмелет жасқа толмаған балалардың жауабы, олардың ата-аналарының арызынан бөлек тағылған айыпты дәлелдейтін не бар?" деді судья.
Тергеуші жәбірленушілер арызды өз еріктерімен жазғананын айтты.
Айыпталушы Нұрбек Тұрсынханның анасы Дамира Абуова мен адвокаты Дәулет Абуов тағылған айыппен келіспейтінін айтты.
"Қайтыс болған оқушы Ерсұлтан Ахметовтың ата-анасының өзі баламның үстінен арыз түсірмеген. Балам мектептің мәдени іс-шараларын ұйымдастырушы оқушы ретінде белсенді болғаны үшін айыпталып жатыр" дейді айыпталушының анасы.
Қаратау аудандық соты Қайнарбұлақ шағын ауданындағы 83-мектептің 11-сынып оқушысы Нұрбек Тұрсынханды Қылмыстық кодекстің 194-бабы ("Қорқытып алушылық") бойынша күдікті деп танып, екі айға қамауға санкция берген. Қылмыстық кодекстің "Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" бабы тергеу кезінде қосылған.
ПІКІРЛЕР