Accessibility links

Гаагада MH17 рейсі құрбандарын еске алу акциясы өтті


MH17 жолаушылар рейсі құрбандарын еске алу акциясы кезінде Ресей елшілігі алдында қойылған ақ орындықтар. Нидерланд, 9 маусым 2018 жыл.
MH17 жолаушылар рейсі құрбандарын еске алу акциясы кезінде Ресей елшілігі алдында қойылған ақ орындықтар. Нидерланд, 9 маусым 2018 жыл.

Донбаста әуеден атып түсірілген Malaysia Airlines компаниясының Boeing жолаушылар ұшағы құлағанда қаза тапқан адамдардың туыстары Гаагадағы Ресей елшілігі алдына 298 ақ түсті орындық қойып акция өткізді. 2014 жылғы шілдеде Донбастағы ұшақ апатынан 298 адам қаза тапқан болатын.

Акцияны ұйымдастырушылар бірінші қатардағы орындықтардың алдына Justice for MH17 ("MH17 үшін әділеттілік") деген жазуы бар тақтай орналастырды. Апат құрбандарын еске алушылар әр бос орындыққа қызыл раушан гүлін қойды.


Ресейдің Нидерландыдағы елшілігі өкілдері РБК телеарнасына акцияны ұйымдастырушылар талап немесе өзгедей құжаттар тапсыру үшін ресейлік дипломаттармен байланысқа шыққан жоқ деп хабарлаған. Елшілік өкілдерінің сөзінше, аға дипломатқа егер акцияға қатысушылар қандай да бір құжат тапсыруға ниет білдіретін болса, олармен кездесіп, ресейлік елшілікке тапсыруға әкелгендерін қабылдап алу жүктелген.

Биыл мамырдың соңында Нидерланд билігі 2014 жылғы шілденің 17-і күні MH17 рейсімен Амстердамнан Куала-Лумпурға жолаушылар апара жатқан Boeing 777 ұшағын Донецк облысының әуесінде атып түсіруге қатысы бар деп Ресейді ресми түрде айыптаған. Нидерланд үкіметінің сайтында жарияланған мәлімдемеде жолаушылар ұшағын атып түсірген "Бук" әскери зымыран кешенін сепаратистер бақылауындағы территорияға орналастырғаны үшін Мәскеуге жауапкершілік артылатыны айтылған.

Бұған дейін Халықаралық біріккен тергеу тобының өкілдері MH17 рейсті Boeing жолаушылар ұшағын Ресей қарулы күштерінің 53-ші зениттік-зымыран бригадасына тиесілі "Бук" кешенінен атып түсіргеніне дәлелдер бар деп мәлімдеме жасаған. Бұған жауабында Ресей қорғаныс министрлігі "Ресей қарулы күштеріндегі зениттік-зымыран кешендерінің ешбірі Ресей-Украина шекарасын ешқашан кесіп өткен емес" деп мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG