Италия премьер-министрі Джузеппе Конте Ресеймен диалогты қолдайтынын, алайда Мәскеуге қарсы салынған халықаралық санкциялар жүйесін "бір сәтте бұзып тастауға" болмайтыны туралы мәлімдеген. Канадада "Үлкен жетілік" саммиті кезінде журналистермен әңгімеде Конте Мәскеуге қарсы салынған санкцияларды ықтимал алу ісі Украинаның шығысындағы жанжалды реттеу жөніндегі Минск келісімдерін орындаумен тікелей байланысты екенін айтқан.
Джузеппе Конте Италия үкіметі жетекшілігіне жақында келген. Үкімет құрамында Ресейге қарсы санкцияларды алып тастауды құп көретін популистік "Лига" партиясы сынды күштер де бар болғандықтан бақылаушылар Мәскеуге салынған санкциялар мәселесінде Римнің қандай ұстанымда болатыны жайлы сауал қойған болатын.
Конте сонымен бірге АҚШ президенті Дональд Трамптың сөзіне қолдау білдіріп, "Үлкен жетілік" болашақта Ресей қатарына қосылғаннан кейін қайтадан "Үлкен сегіздікке" айналады деп үміттенетінін айтқан. Әйткенмен, Италия премьерінің сөзі Ресейді "дереу қатарға қосу" дегенді білдірмейді. Бұған дейін Германия канцлері Ангела Меркель "Үлкен жетілік" (G7) құрамындағы барлық әріптестері Кремль Украинаның шығысындағы дағдарысты реттеуге қатысты міндеттемелерін орындамағандықтан Ресейді саммит қатарына қайта қабылдауға әлі ерте деп санайтыны туралы мәлімдеген болатын.
2014 жылы Мәскеу Украина құрамындағы Қырым түбегін аннексиялап алғаннан кейін экономикасы дамыған демократиялық елдердің басын біріктіретін ұйымға Ресейдің мүшелігі тоқтатылған. Сенбі күні Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Мәскеудің "Үлкен жетілік" қатарын толықтыруға ұмтылмайтынын айтып, одан гөрі әлемнің ірі экономикаларын біріктіретін "Жиырмалық тобы" аясында өзара әрекет жасаған анағұрлым тиімді деп мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР