Accessibility links

Ошта 2010 жылғы маусым оқиғаларын еске алды


Ош қаласындағы 2010 жылғы маусым оқиғалары құрбандарына қойылған "Аналардың көз жасы" ескерткіші. 10 маусым 2018 жыл.
Ош қаласындағы 2010 жылғы маусым оқиғалары құрбандарына қойылған "Аналардың көз жасы" ескерткіші. 10 маусым 2018 жыл.

Бүгін Қырғызстанның оңтүстігіндегі Ош қаласындағы "Аналардың көз жасы" мемориалдық кешенінде 2010 жылғы маусым оқиғаларын еске алуға арналған шаралар өтті. Еске алу шарасы құрбан болғандарға құран бағыштаумен басталды деп хабарлайды Азаттықтың Қырғыз қызметі.

Шараға Қырғызстан премьер-министрінің бірінші орынбасары Кубатбек Боронов, үкіметтің Ош облысындағы өкілі Таалайбек Сарыбашев, Ош қаласының әкімі Айтмамат Кадырбаев және Ош қалалық кеңеші төрағасы Жапар Ормонов қатысқан.

Еске алу шарасында сөйлеген сөзінде Кубатбек Боронов сегіз жыл бұрын маусымда болған оқиғалар "Қырғызстан халқы мен билігіне аса маңызды сабақ болуы тиіс" деп мәлімдеген.


2010 жылғы маусымда Қырғызстанның оңтүстігіндегі Ош және Жалал-Абад қалаларында қырғыз және өзбек тұрғындары арасында жанжал шығып, оның соңы қантөгіске ұласқан. Кей деректер бойынша, этникааралық қақтығыстар салдарынан 400-ден аса адам мерт болып, екі мыңға жуық адам зардап шеккен. Мыңдаған адам тұрғылықты мекен-жайын тастап, басқа жаққа қашуға мәжбүр болған. Сол кезде хабар-ошарсыз кеткен ондаған адам әлі күнге дейін табылған жоқ.

Бүгін осындай еске алу шарасы Жалалабад қаласында және Бішкек-Ош тасжолы бойындағы 16 адамның өмірін қиған қайғылы оқиға болған жерге орнатылған "Аналардың көз жасы" монументі жанында өткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG