Accessibility links

Мәскеудегі митингте саяси тұтқындарды босатуға шақырды


Мәскеуде митингіге қатысушылар саяси тұтқындарды босатуды талап етіп тұр. 10 маусым 2018 жыл.
Мәскеуде митингіге қатысушылар саяси тұтқындарды босатуды талап етіп тұр. 10 маусым 2018 жыл.

Мәскеудің Сахаров алаңында оппозиционерлер мен құқық қорғаушылардың билік рұқсат берген "Қуғын-сүргін мен бассыздық жоқ еркін Ресей үшін" деп аталатын митингісі өтті. Мәскеу полициясының мәліметінше, акцияға 1700-ге тарта адам жиналған. Ұйымдастырушылар митингіге екі мыңнан бес мыңға дейінгі аралықта адам қатысқанын айтады. "ОВД-Инфо" сайтының хабарлауынша, митингіде екі адам ұсталды.

Митингіге қатысқандар жиын соңында бірнеше талап айтылған қорытынды қарар қабылдады. Қарарда күш құрылымдарының бассыздығын тоқтату және саяси себептермен түрмеде отырған азаматтарды босату талаптары қойылған. Митингіге қатысқандар азаматтардың еркін жиналуына кедергі келтірмеуді, бейбіт жиындарды күшпен таратуды және мұндай акцияларға қатысушыларды тұтқындауды тоқтатуды талап етті.

"Саяси тұтқындарды, оның ішінде аштық жариялаған Олег Сенцов, Оюб Титиевті және басқа да тұтқындарды босатуды, билікке бағынышты БАҚ арқылы беріліп жатқан жалған ақпарат пен үгіт-насихатты тоқтатуды талап етеміз" деп мәлімдеді "Адам құқығы үшін" қозғалысының басшысы Лев Пономарев. Ол митингтің мемлекеттік мереке - Ресей күні қарсаңында өткенін айтты. Пономаревтің сөзінше, митингіге қатысушылар "қазіргі биліктің саяси бағытымен" келіспейтіндерін білдіру үшін жиналған.

Билік рұқсат берген митингіні оппозициялық партиялар, құқық қорғаушылар мен азаматтық белсенділер ұйымдастырды. Акцияға саясаткер Дмитрий Гудков, жазушы Людмила Улицкая, құқық қорғаушы Светлана Ганнушкина да қатысты. "Левый фронт" қозғалысының үйлестірушісі Сергей Удальцов митингіде оппозицияны бірігуге шақырды. Алексей Навальныйдың жақтастары акцияны ұйымдастыруға қатыспады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG