Вильнюсте Ресейдің Литвадағы елшілігі алдындағы саябаққа үш жыл бұрын қастандықтан қаза тапқан ресейлік саясаткер Борис Немцовтің есімі берілді. Саябаққа Борис Немцовтің аты-жөні жазылған еске алу тақтайшасы орнатылды. Саябаққа Немцовтің атын беру туралы шешімді 23 мамыр күні Вильнюс қалалық кеңесі қабылдаған.
Саябақтың ашылу салтанатына Вильнюстің ондаған тұрғыны мен Христин демократтары партиясының өкілдері қатысты. Ресейдің Литвадағы елшісі Александр Удальцов қала билігінің саябаққа қатысты шешімін "қателік" деп атады. Ол Литваның кімнің атына қандай көше беремін десе де өз еркі екенін мойындағанымен, саябақтың тура Ресей елшілігі алдында ашылғаны өзіне ұнамайтынын айтты. "Басқа жерді таңдауға болатын еді" деді ресейлік дипломат.
Ақпан айында Вашингтонда да Ресей елшілігі алдындағы алаңға Борис Немцовтің аты берілген еді.
Ресейлік оппозиционер Борис Немцов 2015 жылы ақпанның 28-іне қараған түні Мәскеу қаласында Кремльге жақын маңдағы көпір үстінде ту сыртынан атқан алты оқтан ажал құшты. Оның қазасы бойынша айыпталғандарға сот үкімі өткен жылы шілдеде шыққан. Саясаткерді атып өлтірген Заур Дадаевты 20 жылға бас бостандығынан айырды, тағы төрт адамға 11 жылдан 19 жылға дейінгі мерзімге түрме жазасы тағайындалды. Адам өлтіруге кім тапсырыс бергені әлі күнге дейін анықталған жоқ.
ПІКІРЛЕР