Accessibility links

Германия: Донбасста ұзаққа созылатын бітім орнайды деп үміттенеміз


Франция сыртқы істер министрі Жан-Ив Ле Дриан және Германия сыртқы істер министрі Хейко Маас.
Франция сыртқы істер министрі Жан-Ив Ле Дриан және Германия сыртқы істер министрі Хейко Маас.

Германия мен Франция Мәскеу мен Киев Украина шығысындағы қақтығысты тоқтатуға қадам жасайтынынан үмітті екенін, бірақ Донбасста БҰҰ бітімгерлік күштерін орналастыруға қатысты келісім жасалмағанын мәлімдеді. 11 маусымда Берлинде Германия, Франция, Украина және Ресей сыртқы істер министрлері "Норманд төрттігі" деп аталатын форматта келіссөз өткізген.

Келіссөзден соң Франция сыртқы істер министрі Жан-ив Ле Дрианмен баспасөз мәслихатын өткізген Германия сыртқы істер министрі Хейко Маас келіссөздің "ашық әрі конструктивті түрде" өткенін және келіссөз Ресей мен Украинаның бітім шартын бұзбауына ықпал етеді деп үміттенетінін айтты.

"Барлық тараптар ұзақ уақыттық бітімге, оның ішінде ауыр қару-жарақты шығаруға, әскерді таратып, минадан тазарту жұмыстарын жүргізуге және ЕҚЫҰ бақылаушыларын қақтығыс шебіне қарай жіберуге қолдау білдірді" деді Хейко Маас.

Бірақ ол Мәскеу мен Киев Украина шығысына БҰҰ бітімгерлік күштерін орналастыру идеясына келіскенімен, миссияны қалай орналастыру керек деген мәселедегі ұстанымдары әлі алшақ екенін айтады.

Германия мен Франция БҰҰ бітімшерлік күштері ресейшіл сепаратистер бақылауындағы барлық аймақтарға, оның ішінде Украина-Ресей шекарасына да орналастырылғанын қалайды. Ресей бұған қарсы шығып, бітімгерлік күштеріне шектеулі өкілет берілгенін талап етеді.

"Украина шығысындағы БҰҰ бітімгерлік күштерінің ықтимал параметрлеріне қатысты біз саяси директорларға келіссөзді ары қарай және алдағы апталарда талқылауға тапсырма бердік" деді Маас.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG