Accessibility links

Украина БҰҰ сотына Ресейге қарсы шағымы бойынша меморандум жолдады


Петр Порошенко, Украина президенті.
Петр Порошенко, Украина президенті.

Украина БҰҰ Халықаралық сотына Ресейдің үстінен "терроризмді қаржыландырып, нәсілдік кемсітушілік туғызып жатыр" деп түсірген шағымы аясында кеңейтілген меморандум жолдады. Бұл жөнінде Украина президенті Петр Порошенко мәлімдеді.

Ол БҰҰ Халықаралық сотының 12 маусым – Ресей күнінде Украинаның Ресейге қарсы ісінде меморандум беруді белгілеуін "символикалық мәні бар" деп атады. "Меморандумда сот тергеуіне керек өте көп дәлелдер бар", – деп жазды Порошенко Facebook-те.

Украина сыртқы істер министрі Павел Климкин Twitter-де меморандумның 29 томнан, (17,5 мың парақ) тұратынын жазды.

Украина Сыртқы істер министрлігінің еуропалық интеграция мәселелері жөніндегі орынбасары Елена Зеркаль Мәскеу "Грузияның Ресейге қарсы ісіне" қарсылық танытқандай, бұл іске де қарсы тұратынын айтты. Оның пікірінше, бұл істі қарауға кемінде бір жарым жыл уақыт кетеді.

Киев қаңтар айында түсірген шағымында соттан Ресейді "терроризмді қаржыландырды" деп тануды талап етеді, сонымен бірге Ресейді Донбасстағы сепаратистерді қаржыландыруды тоқтатып, Донецкіде апатқа ұшыраған малайзиялық "Боинг" ұшағының атып түсіргенін мойындап, өтемақы төлеуге міндеттеуді талап етеді.

БҰҰ Халықаралық соты 19 сәуірде Украина талабын жартылай қанағаттандырып, Ресейді қырым татарлары құқығына қысым көрсетпеуін және Қырымда украин тілін оқытуға мүмкіндік беруін орындауға шақырған. Сол кезде Ресей Сыртқы істер министрлігі БҰҰ Халықаралық сотының Украинаның "Қырым мәртебесі туралы" шағымын қолдамағанын "маңызды ұстаным" деп атаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG