Мәскеу соты 13 маусым күні қазақстандық бұрынғы банкир Жомарт Ертаевты қамау туралы шешімге қарсы шағымды қарайды. Сот Мәскеу қалалық сотында Астана уақытымен сағат 17:50-де өтпек.
Ресейлік "Тройка-Д Банк" иелерінің бірі 45 жастағы Жомарт Ертаевты мамырдың басында Ресей қауіпсіздік органдарының қызметкерлері ұстаған. 11 мамыр күні Мәскеудің Пресненский аудандық соты прокуратураның Ертаевқа қамауға алу түрінде бұлтартпау шарасын қолдану туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартып, оны үйқамаққа алған.
Қазақстан Бас прокуратурасы Жомарт Ертаевты сырттай Қылмыстық кодекстің 177-бабының 4-тармағы ("алаяқтық") бойынша айыптап отыр.
Қазақстан Ішкі істер министрлігі Жомарт Ертаев "қазақстандық Bank RBK-нің директорлар кеңесі төрағасының кеңесшісі болған кезінде банктен жалған фирманың атына 80 миллион доллардан астам займ алып беруге және оны қайтармауға көмектескен" деп санайды.
Мамырда ресейлік БАҚ Жомарт Ертаевтың адвокаты арқылы жолдаған үндеуін жариялаған. Үндеуде Ертаев Bank RBK-да ешқашан жұмыс істемегенін, бұл банктің штатында және акционерлері құрамында болмағанын айтады. Ресейлік "Коммерсантъ" газеті Жомарт Ертаевтың сотта Ресейден саяси баспана және азаматтық беруді мәлімдегенін хабарлаған. Ол өзін қудалаудың саяси астары бар деп білетінін айтқан.
Маусымның басында Германияда бұрынғы банкир Бақыт Ибрагим ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланғаны белгілі болған.
Оқи отырыңыз: Бақыт Ибрагим жайлы жауабы жоқ сұрақтар
Қазақстан бас прокуратурасы таратқан ақпаратта 33 жастағы Бақыт Ибрагимнің "Лидер Нефтепродукт KZ" компаниясының директоры екені және Жомарт Ертаев сияқты Bank RBK қаржысын "топ адам болып алдын ала сөз байласу арқылы алаяқтықпен жымқырды" деген күдікке ілінгені айтылады. Бірақ Ибрагимнің Bank RBK-нің басқарма құрамына кіргені немесе оның иелерінің бірі болғаны туралы ашық ақпарат көздерінде мәлімет жоқ.
ПІКІРЛЕР