Accessibility links

Ақтөбе әкімдігі: Жолақы әзір қымбаттамайды


Руслан Төреғали, "Ақтөбе қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары" мемлекеттік мекемесінің басшысы.
Руслан Төреғали, "Ақтөбе қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары" мемлекеттік мекемесінің басшысы.

Ақтөбеде жолаушылар тасымалымен айналысатын мекемелер билетті электронды түрде сата бастағаннан кейін ғана жолақысы қымбаттауы мүмкін. Әзірше қала ішіндегі автобустарда жол жүру ақысы 55 теңге күйінде қала береді. Бұл туралы 13 маусым күні Азаттыққа "Ақтөбе қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары" мемлекеттік мекемесінің басшысы Руслан Төреғали айтты.

- Жолақысын көтеру үшін біздің қолымызда жолаушылар легі туралы нақты ақпарат болуы керек. Электронды билет жүйесі енгізілмейінше, ол мүмкін емес. Жолаушылар легі туралы нақты ақпарат қолға тигеннен кейін ғана тиімсіз маршруттарға субсидия беруді бастаймыз, – дейді Руслан Төреғали.


Ақтөбеде жолаушылар тасымалымен айналысатын негізгі заңды тұлға - "Автопарк" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 12 маусым күні жолақысын 90 теңгеге өсіруді ұсынған болатын. "Автопарк" қалалық әкімдіктің жолаушы тасымалы үшін субсидия беруді тоқтатқанына және жол ақысын қымбаттауға рұқсат бермей отырғанына наразы. Компания директоры Ағарыс Тілеулесовтің сөзінше, Ақтөбеде жолақы 2014 жылы белгіленген 55 теңгеден өзгермеген. Егер жолақысы 90 теңге болса, "Автопарк" биыл 30, 2019 жылы 50 автобус алып, электронды билет жүйесін енгізіп, зейнеткерлер мен мұқтаж тұрғындар үшін жол ақысына жеңілдік жасамақ.

"Ақтөбе қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары" мекемесінің басшысы Руслан Төреғали қала аумағындағы 52 маршруттың 34-іне иелік етіп отырған "Автопарктің" 2015-2022 жылдар аралығына қалалық әкімдікпен жасалған келісімшарт талаптарын орындамай отырғанын айтады.

- "Автопарк" иелік ететін бағыттарда автобустар тапшылығы байқалады. Тұрындар тарапынан шағым көп болғандықтан, біз кәсіпорынды сотқа беруге мәжбүр болдық. "Автопаркті" келісімшарт талаптарын орындауға мәжбүрлеу туралы сот шешімі 7 маусым күні шықты. Біз олардан артық ештеңе талап етіп отырған жоқпыз, - дейді Руслан Төреғали.

Ақтөбеде қала ішіндегі жолаушылар тасымалы қызметін екі мекеме - "Автопарк" пен "ПАТП" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқарады. Қала аумағындағы 52 маршруттың 18-і "ПАТП" серіктестігінің иелігінде,қ алғаны "Автопаркке" тиесілі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG