Accessibility links

Адвокат: Ескендір Ерімбетовке жаңа айып тағылды


Ескендір Ерімбетов сот залында қамауда отыр. Алматы, 14 маусым 2018 жыл.
Ескендір Ерімбетов сот залында қамауда отыр. Алматы, 14 маусым 2018 жыл.

Алматыда қамауда отырған бизнесмен Ескендір Ерімбетовке жаңа айып тағылды деп хабарлады Азаттық тілшісі. 14 маусымда Алматының Медеу аудандық сотында Ерімбетовтің үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша алғашқы сот тыңдауы басталды. Сотта адвокат Жанар Балғабаева Ескендір Ерімбетовке Қылмыстық кодекстің 190-бабы ("алаяқтық") бойынша айып тағылғанын айтты.

Сотқа судья Тәкен Шәкіров төрағалық етіп отыр. Сот басталғанда Ерімбетовтің адвокаты Ерімбетовке қатысты бұлтартпау шарасын өзгерту туралы өтініш білдірген. Бірақ прокурор мен судья бұлтартпау шарасын өзгертпеу туралы сот бұған дейін шешім қабылдап қойғанын айтып, бұл өтініш сот барысында қаралатынын айтқан. Бірақ адвокат заң бойынша сот басталған соң бұлтартпау шарасын өзгерту туралы өтініш қаралмай қалатынын айтып, судьяға қарсылық білдірді.

Судья Төкен Шәкіров адвокаттар өтінішін қарауға сот залынан уақытша шығып кетті.

Бұл іс бойынша 47 жастағы Ерімбетовтен өзге онымен жұмыс істескен 46 жастағы Михаил Зоров, 43 жастағы Дмитрий Пестов және 38 жастағы Василина Соколенко сотқа тартылып жатыр.

Сотта Ерімбетовті адвокаттар Жанар Балғабаева, Серік Айтбаев, Игорь Лифшиц қорғайды. Сот процесі ашық өтіп жатыр. Судья айыпталушы тарабының сотқа журналистерді кіргізу туралы өтінішін қанағаттандырды.

Сот басталатын кезде сот алдында Ескендір Ерімбетовтің бір топ жақтасы наразылық білдірді.

Қазақстан билігі Ескендір Ерімбетовті "БТА банкінен" жымқырылған қаржыны "жылыстатуға қатысы бар" деп айыптайды. Ерімбетовтің туыстары оған қарсы істі "қолдан жасалған және ол азапталып жатыр" деп мәлімдейді.

Туыстары Ерімбетовті кезінде "БТА Банктің" бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовтің заңгері болған қарындасы Бота Жәрдемәліні елге қайтару үшін қуғындап отыр деп біледі. Мұхтар Әблязов өзін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси қарсыласымын деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG