Accessibility links

Ташкент AIBA басшысы Гафур Рахимовке іздеу жариялады


Гаяур Рахимов, AIBA-ның уақытша президенті.
Гаяур Рахимов, AIBA-ның уақытша президенті.

Өзбекстан Ішкі істер министрлігі бизнесмен, Халықаралық әуесқой бокс ассоциациясының (AIBA) президенті міндетін атқарушы Гафур Рахимовқа тағы да іздеу жариялады. Өзбекстан билігі Разимовқа алғаш іздеуді 2013 жылы жариялап, екі жылдан соң оның аты-жөні іздеуде жүргендер тізімінен жойылған еді.

Азаттықтың Өзбек редакциясының хабарлауынша, ішкі істер министрлігінің шенеунігі анонимді түрде өткен аптада министрлік сайтында 67 жастағы Рахимовқа бопсалау, қылмыстық жолмен табылған табысты заңдастыру күдігімен іздеу жарияланғаны туралы хабарлады. Шенеунік тағы бір хабарламада Рахимовтің әйелі 51 жастағы Лола Разимоваға да іздеу жарияланғанын айтады. Өзбекстан ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі Рахимовтарға іздеу жарияланғаны туралы ақпаратқа комментарий беруден бас тартты.

Соңғы 20 жыл AIBA-ның атқару комитетінде басшылық қызметтер атқарған Гафур Рахимов биыл 27 қаңтарда Дубайда өткен конгресте ұйымның уақытша президенті болып тағайындалған. 2012 жылы АҚШ Қаржы министрлігі Гафур Рахимовті "өзбек ұйымдасқан қылмыстық топ жетекшілерінің бірі" деп жариялап, қаржылық санкция салған.


Өзбекстанда президент Шавкат Мирзияев билікке келген соң Интерполдың іздеуде жүргендер тізімінен Гафур Рахимовтің шығарылғаны белгілі болған. Мамыр айының басында БАҚ Вашингтон мен Лондондағы адвокаттарына АҚШ қаржы министрлігінің шетелдік активтерді қадағалау кеңсесіне (OFAC) өзін "OFAC-тің арнайы тізімінен" шығару туралы петиция жазуды тапсырғанын хабарлаған.

Рахимовтің адвокаттары Гафур Рахимовтің қылмыстық топтармен байланысы бары туралы әрқилы өсек-аяң оның Өзбекстандағы бизнесін рейдерлік жасап тартып алып, өзін елден қуғындауды көздейтін қаралау кампаниясының бір бөлігі екенін мәлімдейді. Рахимов Өзбекстаннан 2010 жылы кетіп қалған. 2017 жылы 21 желтоқсанда АҚШ қаржы министрлігі "Магнитский заңы" аясында 13 жеке адам мен 39 заңды тұлғаға санкуция салған. Санкция салынғандар тізімінде Рахимов та бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG