Кремль Ресей азаматтары үшін өте маңызды тақырып – зейнетке шығу жасын ұлғайту жайлы жақында өткен пікірталасқа президент Владимир Путиннің қатыспағанын мәлімдеп, бұл мәселеге Путиннің араласы жоқ екенін көрсетуге тырысып жатыр.
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков маусымның 15-і күні журналистерге Путиннің 2005 жылы Ресейдің азаматтардың зейнетке шығу жасын ұлғайтпайтыны туралы сөзі талай уақыт бұрын айтылған, одан бері жағдай өзгерді деп түсіндірген. Песковтың сөзінше, Путин зейнетке шығу жасын ұлғайтуға байланысты мәселені пысықтаумен айналыспайды, бұл – үкіметтің құзырындағы шаруа.
Бұған дейін Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев 2028 жылға дейін Ресейде ер адамдардың зейнетке шығу мерзімін 60 жастан 65 жасқа дейін, ал әйелдер үшін – 2034 жылға қарай 55 жастан 63 жасқа дейін біртіндеп көтеруді ұсынған. Медведев зейнетке шығу жасын ұлғайтуға 2019 жылдан бастап кірісу жоспарланып отырғанын айтқан. Ресей қоғамында үкімет жетекшісінің ұсынысына сын айтып жатыр.
Статистикалық мәлімет бойынша, Ресейде қазір ерлердің орташа өмір жасы – 68 жыл. Ресей үкіметінің болжамынша, 2024 жылға қарай елде ерлердің орташа өмір жасы – 70 жыл, әйелдердікі – 80 жыл болмақ.
ПІКІРЛЕР