Accessibility links

Германияда биліктегі коалицияға тарау қаупі төнді


Ангела Меркель (оң жақта) және Хорст Зеехофер.
Ангела Меркель (оң жақта) және Хорст Зеехофер.

Германия канцлері Ангела Меркель мен ішкі істер министрі әрі билік коалициясына кіретін Христиандық-әлеуметтік одақ (CSU) партиясының лидері Хорст Зеехофер арасында көші-қон саясатына байланысты келіспеушілік туған соң үкіметтің дағдарысқа ұшырау қаупі пайда болды.

Зеехофер көші-қон саясатын күшейтуді, мәселен, Германия аумағындағы мигранттарды өздеріне босқын мәртебесін беруді сұрап өтініш жазған Еуропа елдеріне жіберуге шақырады. Миграциялық дағдарыс шырқау шегіне жеткен 2015 жылы канцлер Меркель бұл принциптен бас тартып, Германия Еуропа Одағына келген мигранттарға шекараның қай тұстан өткеніне қарамастан қамқорлық танытуға қабілетті деп мәлімдеген. Кей мәліметтер бойынша, Германияға үш жылдың ішінде бір жарым миллионға дейін босқын барған.


Меркельдің қарсылығына қарамастан Зеехофер дүйсенбіде өз жоспарын енгізетіні туралы жарияламақ. Канцлер оған қарсылық білдіріп, министр отставкаға кетсе, Меркель жетекшілік ететін Христиан-демократтары одағымен (CDU) бірлескен коалициядан Зеехофер басқаратын CSU партиясының шығуы ықтимал. Ондай жағдайда Меркель басқаратын кабинет парламентте көпшілік дауыстан айырылады.

Меркель көші-қон саясатын өзгертуді Еуропа Одағының өзге елдерімен келісу қажеттігін айтады. Ол Зеехоферден мигранттарға қатысты жоспарын маусымның соңында Еуропа Одағының саммиті өткенге дейін қолданысқа енгізбей күте тұруды сұрайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG