Accessibility links

Ұлттық банк "теңге құнсызданады" деген хабарды жоққа шығарды


Қазақстан Ұлттық банкінің Алматыдағы ғимараты.
Қазақстан Ұлттық банкінің Алматыдағы ғимараты.

Қазақстан Ұлттық банкі теңгенің айырбас бағамы мен елдегі инфляцияның өсіміне қатысты мессенджерлер арқылы тараған ақпаратты "негізсіз" деп атады. Бұл туралы Ұлттық банк мәлімдемесі Facebook әлеуметтік желісінде жариялаған.

"Әлеуметтік желілерде, сондай-ақ мессенджерлер арқылы аудиофайлдарды тарату жолымен теңгенің айырбастау бағамы үшін тәуекелдерге, сондай-ақ инфляция деңгейінің өсуіне қатысты ақпарат негізсіз таратылуда. Осыған байланысты Қазақстан Ұлттық банкі бұл ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтіндігін мәлімдейді", - делінген онда.

Ұлттық банк қазіргі кезде теңге бағамы мен инфляция деңгейіне қатысты "айқын және елеулі тәуекелдер жоқ" деп мәлімдеген. "Елдегі инфляциялық процестерге әсер ететін факторлар қолайлы. Инфляциялық күтулер де төмендеуде, мамырда бұл көрсеткіш 6,0 пайызды құрады" деп хабарлайды қаржы мекемесі. Бұған қоса Ұлттық банк әлемдік нарықта бір баррель мұнай бағасының орташа көрсеткіші 70 АҚШ долларына жуық деңгейде қалыптасуы "теңгенің айырбастау бағамына қолайлы әсер" еткенін айтады.

"Соңғы уақытта байқалып отырған теңгенің айырбастау бағамының шамалы ауытқуы ең алдымен демалыстар маусымына орай шетел валютасына маусымды сұраныстың артуына байланысты", - деп түсіндірген Қазақстанның орталық банкі.

Сонымен бірге Ұлттық банк "дәйексіз ақпарат авторлары мен оны таратқандарды анықтауды сұрап құқық органдарына жүгінгені" туралы хабарлаған.


Бұған дейін әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде "Қазақстанда күзге дейін инфляция деңгейінің өсімі шарықтап, теңге қатты құнсыздануы мүмкін" деген мазмұндағы авторы белгісіз хабарлар тараған болатын.

Қазақстан ұлттық валютасы (теңге) қолданысқа енген 1993 жылғы қарашадан бері бірнеше рет күрт құнсызданып кеткен. Бұған дейін 1999 жылғы сәуірде, 2009 жылғы ақпанда, 2014 жылғы ақпанда және 2015 жылғы тамызда теңге бағамының күрт құбылуы көпшілік жұрт үшін тосын жаңалық болған еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG