Accessibility links

Бішкекте Тұңғышбаевты Қазақстанға қайтармауды талап етті


Мұратбек Тұңғышбаев, азаматтық белсенді
Мұратбек Тұңғышбаев, азаматтық белсенді

18 маусымда Бішкектегі Қазақстан елшілігінің алдында он шақты азаматтық белсенді мен құқық қорғаушы наразылық акциясын жасап, қазақстандық белсенді әрі блогер Мұратбек Тұңғышбаевты экстрадицияламауды талап етті. Акцияға Тұңғышбаевтың анасы, әйелі, қазақстандық және Қазақстаннан екі белсенді қатысты. Акцияға қатысушылардың бірі, “Қоғамдық талдау институтының” директоры әрі белсенді Рита Карасартова Азаттық тілшісіне блогерді елге қайтару туралы шешімді заңсыз деп атады.

- Себебі Қырғызстан босқындар туралы бірқатар конвенцияға қол қойған. Азаптау бар елге азаматты қайтаруға болмайды. Бұл бір. Екіншіден, Мұратбек Тұңғышбаевты соттайын деп отырған баптар бізде қылмыс емес. Бұл істің саяси астары бар. Сол себепті оны экстрадициялауға қарсы болып отырмыз, - дейді Рита Карасартова.

Наразылық шарасын жасаушылардың алдына елшіліктің өкілдері шығып, “пикет өткізетіндері туралы ескерту жасағаны я жасамағаны” жөнінде сұраған. Құқық қорғаушылар “Ескерту тек жаппай митинг өткізу үшін ғана керек, ал кішігірім акция үшін қажет жоқ. Ал егер мұны заңсыз деп тапсаңыздар, милиция шақырыңыздар” деп жауап берген. Рита Карасартованың айтуынша, олар милиция шақырмаған. Әйткенмен ол жерде бұған дейін де милиция қызметкерлері келіп, бақылап тұрған. Мұратбек Тұңғышбаевтың анасы Бақтыбола Тұңғышбаеваның айтуынша, өткен аптада ұлының көзіне екінші мәрте операция жасатып, одан кейін бірден тергеу изоляторына алып кеткен.

- Бізді оған әлі кіргізбеді. Тек әлгінде ауруханада қаруы бар төрт милиция қоршап алып апара жатқан кезде алыстан көріп, жасымызды бір сығып алдық. Демалыс күндері әйелі дәрі-дәрмек беріп жіберді. Тұмаумен ауырып қалды. Бүгін адвокат кірген еді. Әлі шыққан жоқ. Жағдайын біле алмай отырмыз, - дейді анасы.

Қазақстан билігінің сұрауы бойынша 10 мамырда Бішкекте ұсталған Мұратбек Тұңғышбаев қазір Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің тергеу абақтысында отыр. Алматының Алмалы аудандық соты мамырдың басында Мұратбек Тұңғышбаевты "қылмыстық топтың қызметін қаржыландырды" және сот экстремистік деп таныған ұйымның қызметіне қатысты" деген күдікпен қамау туралы сырттай шешім шығарған.

24 мамырда Қырғызстан Бас прокуратурасы Мұратбек Тұңғышбаевты Қазақстанға экстрадициялау туралы шешім шығарған. Бұған дейін оны қамауға алу туралы шешімге қарсы берілген шағымдардың ешқайсысы қанағаттандырылмады. Оны Қазақстанға қайтару мәселесі 19 маусым күні Бішкектің Октябрь аудандық сотында қаралады. Қырғызстанның миграциялық қызметі 5 маусым күні Азаттыққа Мұратбек Тұңғышбаевтың өзіне босқын мәртебесін беру туралы өтінішін қарастырып жатқанын хабарлаған.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG