Accessibility links

"Астана ЛРТ" жұмысшылары жалақысын талап етті


Астанадағы жеңіл теміржол құрылысын салып жатқан жұмысшылар наразылық танытып тұр. 20 маусым 2018 жыл.

Астанада қала ішіндегі жеңіл теміржол (ЛРТ) құрылысын салып жатқан ондаған жұмысшысы жалақыларын төлеуді талап етіп, жұмысты тоқтатты. Мердігер "Алтын 2018" фирмасының жұмысшылары алды бес айдан, арты екі айға жуық уақыттан бері жалақы алмағанын айтады.

Жұмысшы Есенғали Дүйсенбиев Азаттыққа өзінің Шымкенттен келіп жұмыс істеп жатқанын, Астанада пәтер жалғап тұратынын, жалақы алмағандарына екі айға жуықтағанын айтты. Оның сөзінше, өздерін жжұмысқа алған "Алтын 2018" компаниясының басшылығы өздерімен жасасқан еңбек келісім-шартының көшірмесін де әлі бермей отыр.

"ЛРТ құрылысы жөніндегі дирекциясы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас директорының орынбасары Бақыт Қарсақбаев теміржол құрылысының бас мердігері қытайлық үш компаниядан құрылған консорциум екенін айтты. Қарсақбаев дирекция ЛРТ құрылысына техникалық тапсырыс беруші ғана екенін айтып, жұмысшылардың жалақы алмағанынан хабарсыз екенін хабарлады. Оның сөзінше, бұл құрылысқа "Астана ЛРТ" компаниясы тапсырыс берген.

Құрылыс басына барған мердігер "Алтын 2018" фирмасының өкілі Чин Жэн бас мердігер - қытайлық компания өздеріне әлі қаржы аудармағанын айтып, жұмысшыларға он күндей уақыт күте тұруды ұсынды. Жұмысшылар ақшадан әбден тарыққанын айтып, жалақы берілмейінше жұмысқа шықпайтынын мәлімдеді.

Жоба бойынша, Астанадағы жеңіл теміржол құрылысы 2020 жылдың желтоқсанында аяқталмақ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG