Accessibility links

Түркіменстанда көп әйел алуға заңмен тыйым салынды


Түркіменстандық әйелдер (Көрнекі сурет).
Түркіменстандық әйелдер (Көрнекі сурет).

Түркіменстанда көп әйел алуға ресми түрде тыйым салынды. Азаттықтың Түркімен редакциясының хабарлауынша, елдің Отбасы кодексіне тиісті өзгерістер енгізіліп, оған президент Гурбангулы Бердімұхамедов қол қойды.

Заңның жаңа мәтіні 19 маусымда мемлекеттік басылымдарда жарық көрген. Құжаттың 7-бабында "Түркіменстанда көп әйел алуға тыйым салынады" делініп, көп әйел алуды "ортақ шаруашылық енгізіп, екі не бірнеше әйелмен бірге тұру" деп түсіндірген.

Заң 2018 жылдың 1 қыркүйегінен бастап күшіне енеді.

Түркіменстанда 2012 жылы қабылданған Отбасы кодексінде бастапқыда екінші некеге тыйым салынған. Енді "көп әйел алушылық" термині енгізілді.

Түркіменстанның Қылмыстық кодексінде екі некеге тұрғандарға екі жылға дейін қоғамдық жұмысқа тарту немесе ірі көлемде айыппұл салу қарастырылған. Бірақ жергілікті бақылаушылардың айтуынша, тыйымға қарамастан, елде 1990 жылдардың екінші жартысынан бастап көп әйел алу кең тарала бастаған.

Ашғабадтық шолушы Аманмурад Бугаевтің пікірінше, көп әйел алу елдегі экономикалық проблемалар тереңдеп, халықтың көп бөлігі кедейшілікте өмір сүріп жатқан кезде таралып отыр. Сонымен қатар елдегі ауқатты адамдар үшін көп әйел алу әлеуметтік "мәртебе" бола бастаған.

Бұған дейін ел басшылығы көп әйел алуды заңдастыру мүмкіндігі барын білдірген. 1993 жылы Түркіменстанның алғашқы президенті Сапармұрат Ниязов ел тәуелсіздік алған соң көп әйел алуды заңдастыруды ұсынған. Бірақ сол кезде ұсынысқа жергілікті интеллигенция өкілдері қарсы шыққан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG