Accessibility links

Оралда "ҚДТ жақтастары митингісіне қатыспауды" ескертіп жатыр


Оралдағы демалыс және мәдениет паркінде рұқсатсыз пикет өткізген Әлібек Ерғазиевті ұстап әкетіп барады. Орал, 31 мамыр 2018 жыл.
Оралдағы демалыс және мәдениет паркінде рұқсатсыз пикет өткізген Әлібек Ерғазиевті ұстап әкетіп барады. Орал, 31 мамыр 2018 жыл.

Батыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің (ІІД) қызметкерлері 18 маусымнан бастап белсенділер, журналистер мен блогерлерді "тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының қызметіне қатысуға және оны насихаттауға болмайтынын" ескерту үшін шақыртып жатыр. Полиция қызметкерлері "экстремистік ұйымды" қолдағаны үшін қандай жауапқа тартылатынын түсіндіріп жатыр. Биыл наурызда сот тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын экстремистік ұйым деп танып, Қазақстан аумағындағы қызметіне тыйым салған.

Ескерту қағазын Орал прокурорының аға көмекшісі Асылбек Қадырәлиев пен Орал қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ербол Көшеков тапсырып, видеоға түсіріп алып жатыр.

Бүгін департаментке "Уральская неделья" қоғамдық-саяси газетінің редакторы Лұқпан Ахмедьяров пен тілшісі Мария Мельникова шақыртылды. Таңертең департаментке осы басылымның шығарушысы Тамара Еслямова мен шығарушы редакторы Рауль Упоров шақыртумен барып қайтқан.

Сонымен қатар ІІД ғимаратында журналистерден сұхбат алып тұрған Азаттық тілшісін де ескерту тапсыру үшін шақыртты.

19 маусым күні кешке жергілікті блогер Асқар Шайғұмаров та үйінен полиция бөліміне апарылған. Полиция оны да тергеп, ескерту жасаған.

Полицияның тергеуге шақырып, ескерту жасауына тергеуші Марат Қалмағанбетовтің "Уральская неделья" газетінің YouTube каналындағы видеоматериалдарының біріне белгісіз қолданушының 23 маусым күні митингіге шығуға үндеген комментарий жазғанына қатысты бастаған тергеуі себеп болған.

18 маусымда ІІД-ге 31 мамырда Оралдағы наразылық акциясына қатысқан үш азаматтық белсенді шақыртылған.

ҚДТ-ны былтыр "БТА банктің" бұрынғы басшысы, 2009 жылдан бері шетелде тұратын әрі Астананы ашық сынайтын Мұхтар Әблязов құрған. Әблязов соңғы айларда әлеуметтік желілерде азаматтарды белгілі бір күнге түрлі мәселелер бойынша наразылық акцияларына шығуға үндеп жүр.

Қазақстан заңдары бойынша, әлеуметтік желілер БАҚ деп танылады және ондағы материалдар БАҚ өнімі деп саналады.

10 мамырда Оралдағы алаңда, 31 мамырда мәдениет және демалыс паркінде рұқсат берілмеген митингтер өткен.

Полицияға шақыртылған белсенділер тікелей немесе жанама түрде аталған акцияларға қатысқан, ал журналистер акциялардан кейін тұтқындалып, әкімшілік ескерту жасалғандар және айыппұл салынғандар туралы хабар таратқан.

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG