Қазақстан Сыртқы істер министрлігі (СІМ) Иранның Горган қаласына кино түсіруге барған Қазақстанның үш азаматының қайда екенін анықтап жатқанын хабарлады. Министрліктің Telegram каналында таратқан ақпаратына қарағанда, қазақстандық режиссер Қанат Бейсекеев пен тағы екі азамат Иранның Горган қаласына әлдебір кино түсіруге барған.
Бұған дейін Қазақстаннның Горган қаласындағы бас консулы Айтжан Ыдырысұлы Азаттыққа осы елде Қанат Бейсекеевтің ұсталғанын, бірақ оның әзірге қай жерде екенін білмейтінін айтқан.
"Рұқсатсыз келгені үшін ұсталған. Иран заңы бойынша, журналистік виза болады. Алдын-ала хат жазылады. Не түсіру керектігі айтылады. Сосын журналистік виза беріледі. Рұқсат беріледі. Ал ол кісіде [Қанат Бейсекеевте] ондай виза болмаған, - деген Айтжан Ыдырысұлы Азаттық тілшісіне.
СІМ қазақстандық топ Горганға маусымның 16-сы күні жетіп, консулдық өкілдерімен кездескенін, консул оларға бұл жақта кино түсіру үшін рұқсат алу керегін түсіндіргенін айтады.
"Әңгіме барысында түсірілім тобы Қазақстанға қайту үшін Тегеранға кетуге шешім қабылдаған. Ал Қанат Бейсекеев уақыты жоғын айтып, консулдықтың арнайы рұқсат алып беру туралы көмегінен бас тартқан. Бірақ 20 маусым күні кешке аталған топ видео түсіру үшін Горганға қайта барған" делінген министрлік хабарламасында.
СІМ бүгін Иранда демалыс екенін, консул түсірілім тобының қайда екенін анықтауға тырысып жатқанын айтады. "Иран Сыртқы істер министрлігі өкілдігінің бас консулдығына тиісті нота жолданды" делінген хабарламада.
ПІКІРЛЕР