Accessibility links

Социологтар: Путиннің рейтингі күрт түсіп кеткен


Ресей президенті Владимир Путин.
Ресей президенті Владимир Путин.

Ресейде жүргізілген әлеуметтік сауалнама қорытындыларына қарағанда, ел президенті Владимир Путиннің рейтингі соңғы бірнеше аптада күрт түсіп кеткен.

Кремльге жақын ВЦИОМ (Бүкілресейлік қоғамдық пікірді зерттеу орталығы) деректері бойынша, Путинге елдің сенімі 10-17 маусым аралығында 77 пайыздан 72 пайызға дейін төмендеген.

"Общественное мнение" қорының мәліметінше, сайлауда Путинді қолдап дауыс беруге ынталылар қатары 62 пайыздан 54 пайызға дейін азайса, оған кәміл сенетіндер саны 38 пайыздан 30 пайызға дейін түскен.

Социологтар бұл көрсеткіштер Қырым аннексиясына дейін, 2013 жылғы көрсеткіштерге ұқсас екенін айтады және Путиннің рейтингінің төмендеуін маусымның 14-і күні үкіметтің жариялаған азаматтардың зейнетке шығу жасын ұлғайту жоспарымен байланыстырады.

Сонымен бірге Ресей үкіметі жетекшісі Дмитрий Медведев пен биліктегі "Единая Россия" партиясының рейтингі де төмендеген. Олар Путиннің рейтингісінен айтарлықтай төмен. Сауалнама қорытындысына қарағанда, Медведевке сенбейтіндер қатары оған сенім білдіретіндер санынан артып отыр.

Ресей үкіметі Мемлекеттік думаға енгізген заң жобасында ер адамдардың зейнетке шығу жасын 65 жылға, әйелдердікін – 63 жылға дейін біртіндеп ұлғайту көзделген.

Бұған қоса, үкімет қосымша құн салық деңгейін көтеру жоспары туралы жариялаған. Сарапшылар мұндай "салық амалының" кесірінен бензин бағасы қымбаттап кетуі ықтимал деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG