Accessibility links

Оралда Азаттық тілшісі мен тағы бірнеше журналисті полиция ұстаған


Полиция қызметкерлері Азаттық тілшісі Санат Орын Әлиді ұстап жатыр. Орал қаласы, 23 маусым 2018 жыл. (Сурет авторы - Рауль Упоров.)
Полиция қызметкерлері Азаттық тілшісі Санат Орын Әлиді ұстап жатыр. Орал қаласы, 23 маусым 2018 жыл. (Сурет авторы - Рауль Упоров.)

Бүгін таңертең Орал қаласындағы орталық алаңда полиция қызметкерлері Азаттықтың Батыс Қазақстан облысындағы тілшісі Санат Орын Әлиді ұстаған. Бұл туралы Азаттыққа оқиға куәгері, жергілікті "Уральская неделя" басылымының журналисі Рауль Упоров хабарлады.

Оралда Азаттық тілшісін полицияның ұстаған сәтінен видео:

Оралда Азаттық тілшісі мен бірнеше журналисті полиция ұстады
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:57 0:00

"Полиция өкілдері Санат Орын Әлиге әлдебір шақырту қағазын тапсырған соң, оны алып кетті. Сірә, полиция бөліміне әкеткен болар", - деді Рауль Упоров.

Оның cөзінше, Санаттан кейін "Уральская неделя" газетінің журналистері Мария Мельникова, Нана Ихсанова, Людмила Калашникова мен басылым редакторы Лұқпан Ахмедияровты да полиция ұстаған.


Сенбіде Оралдың орталық алаңында Қазақстан полициясы күніне арналған концерттік шара жоспарланған.

Санат Орын Әлидің мобильді телефоны қазір өшіп тұр. Жұбайы журналистің бүгін таңертең сағат 9 кезінде үйінен шығып кеткенін айтады.

Батыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің кезекші бөлімі Санат Орын Әлидің ұсталғанын Азаттыққа растады. Бірақ журналисті ұстау себебін айтудан бас тартты.

Біраз уақыттан кейін редакциямен байланысқа шыққан Санат Орын Әли өзін облыстық ішкі істер департаментінен (ІІД) Орал қалалық ішкі істер басқармасына тергеуші Досқалиевке апара жатқанын хабарлады. Тілшіміздің айтуынша, ІІД-де оған "Уральская неделя" басылымының YouTube-арнасында жариялаған видеоның астындағы комментарийге (маусымның 23-і күні митингіге шығуға шақырған) қатысты қозғалған іс бойынша сұрақтар қоймақшы болған. Полиция Санат Орын Әлиден бұған дейін де осы жайында жауап алуға тырысқан, бірақ журналист аталған басылымда жұмыс істемейтінін айтқан. Бүгін ол полицияда өзіне қойылған сұрақтарға адвокатсыз жауап бермейтінін мәлімдеген.

Бұған дейін, маусымның 19-ында Санат Орын Әлиді Батыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаментіне тергеуге шақыртып, "экстремистік ұйымдардың рұқсат берілмеген акцияларына қатыспау" туралы ескерту қағазын тапсырмақшы болған. Санат Орын Әли экстремистік ұйымдарға қатысы жоқ екенін айтып, полиция құжатын алудан бас тартқан. Сол күні полицияға жергілікті белсенділер мен "Уральская неделя" газетінің журналистерін де "экстремистік ұйым жұмысына араласпау" туралы ескерту жасау үшін шақыртқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG