Accessibility links

Алматы мен Астанада көшедегі жұртты полиция ұстады


Полиция көшеден ұстаған адамды көлікке салып жатыр. Астана, 23 маусым 2018 жыл.
Полиция көшеден ұстаған адамды көлікке салып жатыр. Астана, 23 маусым 2018 жыл.

Маусымның 23-і күні Алматының орталығындағы Абай атындағы опера және балет театры маңындағы Панфилов көшесінің жаяулар жүретін бөлігіне келген бірнеше адамды полиция ұстады. Полиция оларды көлікке күштеп салып, алып кетті деп хабарлады оқиға орнынан Азаттық тілшілері. Ұсталғандар ешқандай талап айтпаған, олардың қолында ұран не басқадай заттар болмаған. Бұл күні Алматының орталығында полицияның арнайы жасағы қызметкерлері көп жүргені байқалды.

Фотогалерея. Алматы көшесіндегі адамдарды полицияның ұстауы:

Астанада полиция күштері қала әкімдігінің алдындағы алаңды жауып тұрды. Оқиға орнына барған Азаттық тілшісі Мәди Бекмағанбетті полиция ұстап әкетіп, құжаттарын тексерген соң босатып қоя берді. Оның хабарлауынша, полиция алаңға келген адамдарды іріктеп өткізген, алаң маңында ұсталған оннан астам адамды полиция көлігіне салып алып кеткен. Ұсталғандар ешқандай ұран не талап айтпаған, олардың қолдарында плакат я басқадай заттар болмаған.

Астананың Сарыарқа аудандық прокуратурасының өкілі алаң маңына жиналған адамдарға бұл жерде акция өткізуге рұқсат берілмегенін мәлімдеп, олардың тарауын талап еткен. Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары да жиналған жұртты тарауға шақырып, билік бұл жерде ешқандай шара өткізуге келісім бермегенін ескерткен. Жиналған жұрт билік өкілдеріне өздерінің митингі өткізуге келмегендерін, қыдырып жүргендерін айтқан. Кейбіреулер үнсіз тұрған адамдарды полицияның ұстап әкеткеніне наразылық білдірген.

Полиция Астана қаласы әкімдігінің маңында ұсталған адамды көлікке салып жатыр. 23 маусым 2018 жыл.
Полиция Астана қаласы әкімдігінің маңында ұсталған адамды көлікке салып жатыр. 23 маусым 2018 жыл.

Астана әкімдігі маңындағы концерт залының алдындағы алаңның айналасына қоршау орнатылған. Ол жерде "кабель желісін қайта тартып жатқанына байланысты жөндеу жұмыстары жүргізіліп" жатқаны туралы жазу ілінген.


Бұған дейін Қазақстанда сот үкімі бойынша "экстремистік ұйым" деп танылып, қызметіне тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы жұртты маусымның 23-і күні елде "білім беру тегін болсын" деген талаппен митингіге шығуға шақырған. Қозғалысты 2009 жылдан бері шетелде тұратын экс-банкир, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты сынап жүрген қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов басқарады. Осы аптада Қазақстанда прокуратура органдары рұқсат берілмеген акцияларға қатысқаны үшін әкімшілік жауапкершілік жүктелетіні туралы ескерту таратқан. Прокуратура Әблязовті жұртты митингіге шақырған роликтерге актерлер жалдаған деп айыптап, оның біріне Әблязовтің жиені де түскен деген ақпарат таратқан. Бұған жауабында Мұхтар Әблязов прокуратураның іс-әрекетін "үрей" мен "қорқынышқа" берілу деп атаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG