Жексенбіге қараған түні Сирияның оңтүстік-шығысындағы көтерілісшілер бақылауындағы территорияға ресейлік әскери ұшақтар соққы берген. Бұл туралы жергілікті дереккөздеріне сілтеме жасап Ұлыбританияда орналасқан сириялық адам құқығын бақылау орталығы хабарлады. Мәскеу бұл ақпаратқа қатысты түсініктеме берген жоқ.
Ресей қолдау көрсетіп отырған Сирия президенті Башар Асадтың әскері бірнеше күн бұрын көтерілісшілер позицияларына шабуылды бастаған. Бірақ, сенбіге дейін ресейлік әскерилер бұл операцияға араласпаған болатын.
АҚШ бұған дейін Ресеймен уағдаластық бойынша құрылған "деэскалация аймақтарына" Асад армиясы шабуылды жалғастырса, оның теріс салдары болатыны туралы Дамаскіні ескерткен. Сонымен бірге АҚШ сириялық көтерілісшілерге әскери көмек көрсетпейтіні туралы мәлімдеген деп хабарлайды Reuters.
Вашингтон Башар Асад режимін айыптап, сириялық кейбір көтерілісші топтарға әскери жаттығулар өткізіп, қару-жарақтан көмектесіп келген. Алайда америкалық әскерилер өз-өзін қорғаған кездері болмаса, Сирияның үкімет әскерімен бетпе-бет шайқасқа бармайды.
Ресей Асад әскері мен оның одақтастары бітім туралы шартты бұзбай, тек "терроршыларға" қарсы соғысып жатыр деп мәлімдейді. Жексенбі күні Ресей қорғаныс министрлігі Сирияның оңтүстік-батысындағы 11 елдімекенде оппозиция жасақтары Асад армиясы жағына шықты деп мәлімдеген. Әлеуметтік желілерде Асад әскері маусымның 24-і күні Бусра әл-Харир қаласына енгені туралы ақпарат тарады. Мұның алдында ресейлік ұшақтар дәл осы қаланы бомбалағаны жайлы хабарланған.
ПІКІРЛЕР