Accessibility links

Еуропа кеңесі бас хатшысы Сенцовқа рақымшылық сұрамақ


Турбьерн Ягланд (оң жақта) пен Владимир Путин. Мәскеу, 20 маусым 2018 жыл.
Турбьерн Ягланд (оң жақта) пен Владимир Путин. Мәскеу, 20 маусым 2018 жыл.

Еуропа кеңесінің бас хатшысы Турбьерн Ягланд Ресей түрмесінде қамауда отырған украиналық режиссер Олег Сенцовқа рақымшылық жасауды сұрап дүйсенбі күні Ресей президенті Владимир Путинге ресми өтініш бермек. Бұл туралы Deutsche Welle сайтына Ягландтың орынбасары Даниэль Гольтген хабарлаған.

Турбьерн Ягланд өткен аптада Мәскеуде болған. Путинмен кездесуде ол Сенцов туралы мәселе қозғамаған, бірақ Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров және Ресей омбдсмені Татьяна Москальковамен кездесуде бұл мәселені көтерген.

"Ресей тарабы оның сөзін тыңдаған, бірақ оған қатысты ештеңе – қолдау да, қарсылық та айтпаған", - дейді Гольтген. Олардың жауабын ала алмаған Еуропа кеңесі бас хатшысы енді Путиннің атына тұтқынға рақымшылық жариялауын сұрап өтініш беруді ұйғарған.

Еуропа кеңесіндегі Украина өкілі Дмитрий Кулеба бұған дейін Ягландты "Мәскеуге сапарымен әлемдік футбол чемпионаты науқанын жарнамалауға қатысты" деп сынаған.


Ресей түрмесіндегі Олег Сенцов сол елде колониялар мен тергеу абақтыларында отырған украиналық 64 тұтқынның барлығын босатуды талап етіп, мамырдың 14-інен бері аштық жариялап жатыр. Ол Ресей президенті Владимир Путинге рақымшылық туралы өтініш беруден бас тартқан.

Ресей соты Олег Сенцовты Мәскеу аннексиялаған Қырым түбегінде "теракт ұйымдастырмақ болған" деген айыппен 2015 жылғы тамызда 20 жылға соттаған. Құқық қорғаушылар мен Сенцовтың өзі бұл іс қолдан құрастырылған деп біледі. Ресей таққан айыпты жоққа шығарған Олег Сенцов түрмедегі аштық акциясын "соңына дейін" жалғастыра беретінін мәлімдеген.

Бұған дейін танымал қоғам қайраткерлері мен кинорежиссерлер Ресей билігін Сенцовты түрмеден босатуға шақырған.

Ресей билігінің өкілдері Украинамен тұтқын алмасу мәселесін талқылап жатқандарын, бірақ әзірге ешқандай келісімге келмегендерін мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG