Accessibility links

Тұңғышбаев Қазақстанға экстрадицияланады


Мұратбек Тұңғышбаев сот залында тұр. Бішкек, 19 маусым 2018 жыл.
Мұратбек Тұңғышбаев сот залында тұр. Бішкек, 19 маусым 2018 жыл.

Дүйсенбі кешкісін Бішкектің Октябрь аудандық соты қазақстандық блогер, азаматтық белсенді Мұратбек Тұңғышбаевты экстрадициялау туралы шешім шығарды. Бұл туралы Азаттықтың қырғыз қызметі хабарлады.

24 мамырда Қырғызстанның Бас прокуратурасы Мұратбек Тұңғышбаевты Қазақстанға экстрадициялау туралы шешім шығарған. Бұл шешімнің үстінен белсендінің өзі мен қырғызстандық адвокат Нурбек Токтакунов шағым түсірген. Аппеляциялық сот 19 маусымда өтіп, бүгін жалғасты. Сот үкімін тыңдаған қырғызстандық құқық қорғаушы Рита Карасартова Азаттыққа:

- Сот экстрадицияны дұрыс деп шешіп, "Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 131-бабына лайық бұған қарсы арыздансаңдар болады" деп қойды. Ол бапта "тергеу-тексеру істері жүріп жатқан жерден арызданса болады" деп жазылған. Бұл "Қазақстанға барып арызданыңдар" деген сөз. Ең басында қарап жатқанда "Бұл қылмыстық іс емес, прокуратураның жазған ұсынысын қарап жатырмыз" деген. Аяғында Қылмыстық-процессуалдық кодекске сүйеніп, басқа шешім шешім шығарып жіберді. Мұндай болмау керек - деді.

Адвокаттар мен құқық қорғаушылар азаматтық белсенді Мұратбек Тұңғышбаевты Қырғызстанның құқық қорғау органдары Қазақстанға бүгін өткізіп беруі мүмкін екенін айтты.

Алматының Алмалы аудандық соты 3 мамыр күні Мұратбек Тұңғышбаевты "қылмыстық топтың қызметін қаржыландырды" және сот экстремистік деп таныған ұйымның қызметіне қатысты" деген күдікпен қамау туралы сырттай шешім шығарған. Белсендіні Қазақстан билігінің өтінішімен 10 мамырда Қырғызстанның арнайы қызмет өкілдері ұстаған.

Бішкекте қазақстандық, қырғызстандық белсенділер бірнеше рет Тұңғышбаевты Қазақстанға қайтармауды талап етіп, Қазақстан билігі саяси көзқарастарына бола қудалап отырғанын айтқан. Қырғызстан билігінің оған саяси баспана беруін сұраған.

Сотта Тұңғышбаев қырғыз билігінің өзін Қазақстанға қайтару туралы шешімімен келіспейтінін мәлімдеп, егер сот прокуратура шешімін қолдаса, "радикалдық әрекеттер жасайтынын" айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG