Accessibility links

Айнұр Әшім: Анамның медициналық картасын көрсетпей отыр


Түркістан облыстық (бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы) соты. Шымкент, 26 маусым 2018 жыл.

Маусымның 26-ы күні Шымкенттегі Түркістан облыстық сотында белсенді Ардақ Әшімнің сенімді өкілі, қызы Айнұр Әшім Ардақ Әшімді жүйке аурулары ауруxанасына жатқызуға негіз болған медициналық карталарды сотқа алдыруды сұрады деп xабарлайды Азаттық тілшісі.

Айнұр Әшім Абай аудандық сотының Ардақ Әшімді "заңмен тыйым салынған әрекетті жасаған уақытта есі дұрыс емес күйде болғанына байланысты" қылмыстық жауапкершіліктен босатып, жүйке жүйесі ауруханасында мәжбүрлі амбулаторлық емге жіберуімен келіспей апелляциялық шағым түсірген.

Айнұр Әшімді апелляциялық шағымды қарап жатқан облыстық соттың судьясы Талғат Оңғарбаевқа Ардақ Әшімді Түркістан облыстық жүйке аурулары ауруxанасына жатқызуға негіз болған медициналық картасын сотқа алдыруды сұрап талап-арыз түсірді.

- Осы күнге дейін анамның стационарлық және амбулаториялық картасын көрген емеспін. Төрт айдың ішінде қанша рет сұраттық, түрлі сылтаумен көрсетпей отыр. Бұл карта арқылы анамды ауру етіп шығарды. Бізге бермеген, көрсетпеген сол картаны Түркістан облысының әкімдігінде облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков Италия парламентінің мүшесі Роберто Рамин және италиялық құқық қорғаушы Антонио Стангоға көрсеткен. Ұласбек Сәдібековке мұндай құқықты кім берді? Бұл карта анамдікі ма, жоқ басқа біреудікі ма, оған сараптама жүргіземіз, - деді ол.

Ардақ Әшімнің адвокаты Ғалия Аяпбергенова жүйке аурулары ауруxанасынан науқастың ауруы туралы деректерді тек заңды өкілдері ғана алуға құқылы екенін айтты. Судья бұл талап-тілекті "қанағаттандыруға негіз жоқ" деп тапты. Ол "Ардақ Әшімнің медициналық картасы басқа мекемеде қайдан жүргенін анықтауды жүктеймін" деді судья прокурор Балғабай Сеңгірбаевқа қарап.

Оқи отырыңыз: Сот Ардақ Әшімнің қылмыстық ісін тоқтатып, мәжбүрлі емдеуге жіберді

Ардақ Әшім наурыздың 31-і күні Түркістан облыстық ішкі істер департаментіне тергеу ісі бойынша жауап беруге шақыртумен барған кезде жүйке аурулары диспансеріне еркінен тыс жатқызылған.
Бұған дейін Абай аудандық соты Ардақ Әшімнің Facebook желісінде "билікке қарсы түрлі мазмұнда теріс мақалалар жариялағаны анықталғанын", осыған байланысты Қылмыстық кодекстің 174-бабы ("Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру") бойынша іс қозғалғаны жөнінде хабарлаған.
Amnesty International (AI) халықаралық құқық қорғау ұйымы Ардақ Әшімді "ар-ождан тұтқыны" деп танып, Қазақстан билігін еркінен тыс емдеуге жатқызылған белсендіні ауруханадан шығарып, оған қатысты істерді тоқтатуға шақырған.


  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

AzatNews 14.12.2018
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:14:50 0:00

Фотогалерея

XS
SM
MD
LG