Accessibility links

Бішкек: Тұңғышбаев Қазақстанға бірден қайтарылмайды


Белсенді Мұратбек Тұңғышбаев (Көрнекі сурет).
Белсенді Мұратбек Тұңғышбаев (Көрнекі сурет).

Қырғызстанда қамауда отырған қазақстандық белсенді Мұратбек Тұңғышбаевты еліне экстрадициялау процедурасы бір айға дейін созылуы мүмкін. Азаттықтың Қырғыз редакциясына бұл жайында Қырғызстанның Мемлекеттік жазаны атқару қызметінің (МЖАҚ) баспасөз хатшысы Элеонора Сабатарова хабарлады. Оның сөзінше, белсендіні экстрадициялау үшін белгілі бір талаптар орындалуы тиіс.

"Ол бір-екі күнде экстрадицияланбайды. Экстрадиция тараптардың келісімінен соң жасалуы мүмкін. Нақты қашан қайтарылатыны айтылмайды", - деді Сабатарова.

25 маусымда Бішкектің Октябрь аудандық соты Қырғызстан Бас прокуратурасының қазақстандық белсенді әрі блогер Мұратбек Тұңғышбаевты Қазақстанға экстрадициялау туралы шешімін заңды деп таныған. Тұңғышбаевтың өзін Қазақстанға экстрадицияламау туралы шағымы қанағаттандырылмаған.

Оқи отырыңыз: Алматы соты Тұңғышбаевты қамауға қарсы шағымды қанағаттандырмады

Блогер әрі белсенді Мұратбек Тұңғышбаев Қазақстан билігінің сұрауымен 10 мамырда Бішкекте ұсталған. Қазақстан билігі блогерді "экстремистік ұйым ретінде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын қолдайды" деп айыптап отыр. Тұңғышбаев пен оның туыстары бұл айыптың саяси астары барын мәлімдеп, халықаралық ұйымдардан араша сұрайды.

Бұған дейін қырғызстандық құқық қорғау ұйымдары мен азаматтық белсенділер Тұңғышбаевты Қазақстанға экстрадициялауға қарсылық танытқан.

21 мамырда Қырғызстан Бас прокуратурасы Мұратбек Тұңғышбаевты Қазақстанға экстрадициялау туралы шешім шығарған. Бұған дейін оны қамауға алу туралы шешімге қарсы берілген шағымдардың ешқайсысы қанағаттандырылмады. Қырғызстанның миграциялық қызметі 5 маусым күні Азаттыққа Мұратбек Тұңғышбаевтың өзіне босқын мәртебесін беру туралы өтінішін қарастырып жатқанын хабарлаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG