Accessibility links

Тұңғышбаевты Бішкектегі тергеу абақтысынан алып кеткен


Қазақстандық оппозициялық белсенді әрі блогер Мұратбек Тұңғышбаев Бішкектегі сотта отыр. 19 маусым 2018 жыл.
Қазақстандық оппозициялық белсенді әрі блогер Мұратбек Тұңғышбаев Бішкектегі сотта отыр. 19 маусым 2018 жыл.

Қазақстандық оппозициялық белсенді әрі блогер, 10 мамырда Бішкекте Астананың сұрауымен ұсталып, қамалған Мұратбек Тұңғышбаевты Бішкектегі №1 тергеу абақтысынан алып кетті. Азаттықтың Қырғыз редакциясының хабарлауынша, Тұңғышбаевты 26 маусым күні кешке қарай абақтыдан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің (ҰҚМК) қызметкерлері алып кеткен. Азаттыққа бұл ақпаратты Жазаны атқару мемлекеттік қызметінің баспасөз хатшысы Элеонора Сабатарова растады. Бірақ ол Тұңғышбаевты қайда алып кеткенін айтпады.

Тұңғышбаевтың адвокаты Нурбек Токтакунов 27 маусымға қараған түні Facebook-те белсендіні тергеу абақтысынан заттарымен бірге алып кеткенін жазды.

25 маусымда Бішкектің Октябрь аудандық соты Қырғызстан Бас прокуратурасының Мұратбек Тұңғышбаевты Қазақстанға қайтару туралы шешімін қолдаған. 26 маусымда құқық қорғаушылар мен белсенділер Бішкекте кездесу өткізіп, сот шешімінің заңсыздығын, Қазақстанда белсендінің азапталуы мүмкін екенін айтқан.

Бұған дейін Қырғызстанның жазаны атқару комитеті Тұңғышбаевты Қазақстанға экстрадициялау процесі бір айға дейін созылуы ықтимал екенін хабарлаған.


Қазақстан билігі блогерді "экстремистік ұйым ретінде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын қолдайды" деп айыптап отыр. Тұңғышбаев пен оның туыстары бұл айыптың саяси астары барын мәлімдеп, халықаралық ұйымдардан араша сұрайды.

Бұған дейін қырғызстандық құқық қорғау ұйымдары мен азаматтық белсенділер Тұңғышбаевты Қазақстанға экстрадициялауға қарсылық танытқан.

21 мамырда Қырғызстан Бас прокуратурасы Мұратбек Тұңғышбаевты Қазақстанға экстрадициялау туралы шешім шығарған. Бұған дейін оны қамауға алу туралы шешімге қарсы берілген шағымдардың ешқайсысы қанағаттандырылмады. Қырғызстанның миграциялық қызметі 5 маусым күні Азаттыққа Мұратбек Тұңғышбаевтың өзіне босқын мәртебесін беру туралы өтінішін қарастырып жатқанын хабарлаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG