Accessibility links

Ерімбетов сотында айыптау актісі оқылып жатыр


Ескендір Ерімбетов ісіндегі айыптаушы прокурорлар Еркін Баймағамбетов пен Тимур Шамои (оң жақта). Алматы, 14 маусым 2018 жыл.
Ескендір Ерімбетов ісіндегі айыптаушы прокурорлар Еркін Баймағамбетов пен Тимур Шамои (оң жақта). Алматы, 14 маусым 2018 жыл.

"Алаяқтық" айыбымен істі болып жатқан кәсіпкер Ескендір Ерімбетов пен өзге бірнеше азаматтың сотында Ерімбетовтің адвокаты Игорь Лафшицтің үш өтініші қаралды. Адвокат судьяға "қорғауындағы азаматтың қылмыстық құқық бұзбағанын, сондықтан оған айып тағып, іс қозғалуының заңсыз" екенін айтып, оған қарсы істі тоқтатуды сұрады. Лифшиц "Куә ретінде жүзден аса адамды шақыртуды сұраймыз" деді. Адвокат "бұған дейінгі сараптамалар Ерімбетовтің ақша жымқырғанын айғақтайтын деректерді анықтамағанын" айтып, сот есеп-қисап сараптамасын тағайындауды сұрады. Судья Еркін Шәкіров бұл өтініштерді ашық қалдырды.

Өтініштерді қарап болған соң судья прокурор Тимур Шамонға айыптау актісін оқу үшін сөз берді. Ескендір Ерімбетов пен Михаил Зоров, Дмитрий Пестов және Василина Соколенкоға "алаяқтықпен айналысты - алдын ала келісіп, біреудің мүлкін алдау я сеніміне кіру арқылы бірнеше рет жымқырды" деген айып тағылған. Айыптау актісінде аталған азаматтардың "2010-2017 жылдары мемлекеттік сатып алулар бойынша байқау өткізген мемлекеттік кәсіпорындар мен квазимемлекеттік сектордағы ұйымдардан авиция саласындағы Sky Service компаниясының қызметтеріне тым жоғары ақы алу арқылы ақша жымқырғаны" жазылған. Айыпталушылар жеті эпизод бойынша жалпы сомасы 208 миллион теңгені жымқырды деп күдіктеліп отыр. Айыптау актісі көлемді болғандықтан, түскі үзіліске дейін прокурор құжаттың біршама бөлігін ғана оқыды.

Сот процесі ашық өтіп жатқанымен, журналистер мен процесті бақылауға келгендер сот отырысы өтіп жатқан залға кіре алған жоқ. Олар сот отырысын трансляциялайтын монитор орнатылған бөлек бөлмеден бақылап отыр.

Ескендір Ерімбетов сотына келген журналистер мен бақылаушылар. Алматы, 27 маусым 2018 жыл.
Ескендір Ерімбетов сотына келген журналистер мен бақылаушылар. Алматы, 27 маусым 2018 жыл.

Ерімбетовті қорғаушылар қатарында Игорь Лифшиц, Жанар Балғабаева мен Серік Айтбаев және оның ата-анасы Ғайни мен Мырзахан Ерімбетовтер, әйелі Мадина Ерімбетова бар. Бүгінгі сот отырысына Ғайни Ерімбетова қатысқан жоқ. Жолдасының айтуынша, ол халықаралық құқық қорғау ұйымдарының қолдауын іздеп, Еуропаға кеткен. Михаил Зоровты адвокат Ольга Ким, Дмитрий Пестов пен Василина Соколенконы "аты аталғанын, қорғауындағы азаматтардың ісі жария болғанын қаламайтын" бір адвокат қорғайды. Ерімбетов пен оның серіктесі болған үш азамат "жымқыру" және "ақшаның жылыстату" күдігімен былтыр қарашаның 13-інде ұсталған.

Ескендір Ерімбетовке тағы бір іс – БТА банкінен заңсыз әкетілген "ақшаны жылыстату" ісі бойынша айып тағылған. Шетелде тұратын әрі Қазақстан билігін сынап жүрген БТА Банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязов пен оның заңгері болып жұмыс істеген Бота Жәрдемәліге (Ерімбетовтің қарындасы) де айып тағылған. Бірақ бұл іс бойынша тергеу амалдары әлі аяқталған жоқ. Ерімбетовтің туыстары америкалық адвокат Джаред Генсермен оны қорғау туралы келісім жасасқан. Маусымның 14-інде Алматыда алғашқы сот отырысына қатысқан ол АҚШ-қа қайтқан соң "Ерімбетов ісінде қандай жайттарды заң бұзу деп санайтынын және кәсіпкерді қарындасын елге қайтарып, оппозициялық саясаткерге қарсы түсінік беруге мәжбүрлеу үшін қудалап отыр" деп санайтынын жазған.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG