Accessibility links

Сот: АМТ-ның бұрынғы топ-менеджері Қазақстаннан шығарылады


"АрселорМиттал Теміртау" компаниясының зауыты (Көрнекі сурет).
"АрселорМиттал Теміртау" компаниясының зауыты (Көрнекі сурет).

Теміртау қалалық соты "АрселорМиттал Теміртау" (АМТ) компаниясының персонал бойынша бұрынғы директоры Анна Адомды Қазақстаннан шығару туралы шешім қабылдады.

"Сот Қазақстанның әкімшілік процессуалдық кодексінің 223, 226 және 385-баптарын басшылыққа алып, Қарағанды облыстық ішкі істер департаментінің арызын қанағаттандырды. Беларусь азаматшасы Анна Адом Қазақстан аумағынан шығарылады. Сот шешімі 10 күнде орындалады" деп хабарлады Қарағанды облыстық сотының баспасөз қызметі.

2018 жылдың ақпанында Теміртау қалалық соты АМТ-ның персонал бойынша директоры Анна Адомның кеніш департаментінің еңбек ресурстары бойынша директоры Юрий Паламарьді заңсыз жұмыстан шығару ісі бойынша үкім шығарған. Сот шешімі бойынша, Адом еңбек заңнамасын бұзды деп танылып, 80 сағат қоғамдық жұмыс атқаруға міндеттелген. Сот оған "АрселорМиттал Теміртауда" лауазымды қызмет атқаруға бір жылға дейін тыйым салған. Бірақ Анна Адом қызметінен сол күйі босатылмаған. Керісінше, ол компанияда жаңа қызметке - әлеуметтік мәселелер және адам капиталын дамыту бойынша директоры болып тағайындалған.

31 мамырда АМТ компаниясына еңбек инспекциясы басқармасының қаулысын орындамағаны үшін 500 айлық есептік көрсеткіш айыппұл салынған. Осыдан кейін Анна Адом "сырқатына байланысты" демалысқа кеткен, бірақ жұмысынан босатылмаған. Осыған байланысты Қарағанды облыстық ішкі істер департаменті азаматтық іс қозғау туралы арыз түсірген.

Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, Қазақстанда шетелдік топ-менеджерді сотпен елден шығару бірінші рет болып отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG