Accessibility links

Түркіменстанда жасы 40-қа толмағандар шетелге шыға алмайды


Ашғабад халықаралық әуежайындағы құжат тексеру процесі (Көрнекі сурет).
Ашғабад халықаралық әуежайындағы құжат тексеру процесі (Көрнекі сурет).

Түркіменстан билігі жасы 40-қа толмаған азаматтардың елден шығуына шектеу қойды.

"25 маусымда дашогуздықтар (Ашғабадтан 630 километр қашық Дашогуз қаласының тұрғындары) қаланың миграциялық қызметінен ел азаматтарының шетелге шығуына қойылған жас шектеуі 30-дан 40-жасқа ұлғайтылғанын білді" деп хабарлады Азаттықтың Түркімен редакциясы.

Миграциялық қызметке туристік виза алмақ болып барған кейбір жергілікті тұрғындардың айтуынша, шенеуніктер өздеріне енді 40-қа толмағандарды шетелге шығармау туралы "жоғарыдан пәрмен" түскенін айтып, анықтама беруден бас тартқан.

"Миграциялық қызмет мамандары жоғарыдан бұйрық түскенін айтты. Ол бойынша, енді 40-қа толмағандарға шетелге шығуға рұқсат берілмейді. Тыйым салудың себебін сұрағандарға уәлаятта (облыс) жұмысқа жарамды ешкім қалмаған деп түсіндірген. Бәрі кетіп қалса, кім жұмыс істейді деген", - деді өзін Шадурдыев деп таныстырған Сапармұрат Түркменбашы ауданының 36 жастағы тұрғыны.

Түркіменстан миграциялық қызметі азаматтардың шетелге шығуына ьтағы да шектеу салынғаны туралы ақпаратқа комментарий бермеді. Бұл ел билігі азаматтардың шетелге шығуына тыйым салынғаны туралы ресми хабарлаған емес.

Түркіменстаннан шетке кеткендер саны туралы ресми мәлімет жарияланбайды. Бірақ, жергілікті бақылаушылардың сөзінше, елдегі экономикалық дағдарыс, жұмыссыздық, бағаның қымбаттауы және азық-түлік тапшылығына байланысты жұмысқа жарамды азаматтар жаппай шетелге кете бастаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG