Accessibility links

Ресей соты сириялық босқындарға уақытша баспана бермеді


Мәскеу түбіндегі Ногинск қаласында босқындардың балаларына арналған мектепте оқып жатқан сириялық босқын қыз (Көрнекі сурет).
Мәскеу түбіндегі Ногинск қаласында босқындардың балаларына арналған мектепте оқып жатқан сириялық босқын қыз (Көрнекі сурет).

Ресей Жоғарғы соты Сирияның ондаған азаматының төменгі инстанция сотының уақытша баспана беруден бас тарту шешіміне қарсы шағымын қарамай қойды.

"Коммерсантъ" басылымының хабарлауынша, сот "Сирияда әскери қимылдар жоқ, тек террорға қарсы операция ғана жүріп жатыр. Сол себепті шағымданушылар қуғынға ұшырамайды" деп тапқан.

Жоғарғы соттың анықтамасында "Сириядағы елді-мекендердің басым бөлігі қақтығысты тоқтату режиміне қосылған, республикада гуманитарлық акциялар жүріп жатыр, медициналық көмек көрсетіледі, Сириямен әуе қатынасы орнаған" делінген.

Бұған дейін босқындар орналасқан Иванов қаласының Октябрь аудандық соты сириялық босқындарға уақытша баспана беруден бас тартқан.


2017 жылы қаңтарда елде 1317 Сирия азаматы уақытша баспана алған, ал жазға таман олардың саны 1301-ге төмендеген, деп хабарлады "Азаматтық көмек" комитеті.

БҰҰ мәліметі бойынша, Сирияда 2001 жылы жаппай халық толқуынан кейін басталған азамат соғысында Сирияның 6,3 миллион тұрғыны көшуге мәжбүр болды, шамамен төрт миллион сириялық көрші елдерге бас сауғалап кетті. Шалғайдағы немесе қоршаудағы аудандарда орналасқан 4,53 миллион адам гуманитарлық көмекке зәру. Ресей Сириядағы әскери операцияға ресми түрде 2015 жылдан бастап қатысып келеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG