Азат Еуропа / Азаттық Радиосы (АЕ/АР) медиакорпорациясының вице-президенті және бас редакторы Ненад Пежич 28 маусым күні Ташкентте Өзбекстан үкіметінің өкілдерімен, оның ішінде президент Шавкат Мирзияевтің баспасөз хатшысы Камил Алламжоновпен кездесті.
Кездесуде Өзбекстанда АЕ/АР медиакорпорациясының қызметін кеңейту мәселесі талқыланды. АЕ/АР өкілі кездесудің "позитивті" өткенін айтты.
Өзбекстан президентінің баспасөз хатшысы Камил Алламжонов Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында кездесуде сөз бостандығы мәселесі қозғалғанын хабарлап, оны Өзбекстан президенті саясатының "басым бағыты" ретінде атаған.
«Елде жариялылық, баспасөздегі объективті сараптама мен сын атмосферасы құпталады», - деп жазған Алламжонов.
Өзбекстан тәуелсіздік алғаннан кейін Ташкентте Азаттықтың өзбек тілінде хабар тарататын Озодлик радиосының тілшілер бюросы жұмыс жасаған. Алайда 2005 жылғы Әндіжан оқиғаларынан кейін, сол жылы желтоқсан айында Озодликтің Ташкенттегі бюросы жабылды.
Азат Еуропа / Азаттық Радиосы - 21 елге 28 тілде хабар тарататын медиакорпорация.
ПІКІРЛЕР