Ресейлік оппозиционер Алексей Навальныйдың інісі Олег Навальный 29 маусым күні бостандыққа шықты. Ол "Ив Роше" ісі бойынша үш жарым жылға сотталып, Орлов облысында түрмеде отырды. Олег Навальныйды күтіп алуға әйелі Виктория, Алексей Навальный және Сыбайлас жемқорлықпен күрес қорының қызметкерлері барды.
Кеше Алексей Навальный Instagram-да Еуропаның Адам құқықтары жөніндегі соты Олег Навальныйға шығарылған үкімді заңсыз, ал істі қолдан жасалған деп танығанын жазған.
2014 жылы желтоқсанда Олег Навальный "Ив Роше" компаниясымен келісім жасасуда алаяқтық жасады деп айыпталып, үш жарым жылға сотталған еді. Алексей Навальныйге бұл іс бойынша шартты жаза кесілген.
2015 жылы қыркүйекте Ресейде биліктің ауысуын талап еткен митингілерде Олег Навальныйдың түрмеден жасаған аудио жолдауы оқылған соң оның камерасында тінту мен "тыйым салынған заттарды" іздеу басталған. Осындай тексерулерден кейін ол бірнеше рет "айып камерасына" жабылған. Олег Навальныйды "түрме тәртібін" жиі бұзғаны үшін қатаң режимді камераға ауыстырған. 2016 жылы маусымда және 2017 жылы ақпанда оның мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы арызы қанағаттандырылмаған.
2018 жылы сәуірде Жоғарғы сот президиумы Еуропаның Адам құқықтары жөніндегі сотының шешіміне қарамастан Олег Навальныйдың үкімін жоюдан бас тартқан.
ПІКІРЛЕР