Accessibility links

ЕО елдері көші-қон саясаты бойынша келісім жасасты


ЕО елдерінің басшылары саммит құжатына қол қойып отыр. Брюссель, 28 маусым 2018 жыл.
ЕО елдерінің басшылары саммит құжатына қол қойып отыр. Брюссель, 28 маусым 2018 жыл.

Еуропа Одағы (ЕО) елдерінің жетекшілері Брюссельдегі саммитте босқындарды қабылдаудың ортақ саясатына келісті. Бұл туралы 29 маусымда таңертең Еуропа кеңесінің төрағасы Дональд Туск Twitter-де хабарлады.

Бұған дейін қорытынды құжатты қабылдауға қарсы шыққан Италия премьер-министрі Джузеппе Конте он сағатқа созылған келіссөзден соң құжатқа қол қоюға келісті. Қорытынды келісім бойынша, ЕО елдері мигранттарды ерікті түрде қабылдайды, оларды одақ мүшелері арасында бөліп орналастыру ережесі жойылады.

Еуропа Одағының көші-қон саясатына реформа жасауды Италия талап еткен. Қолданыстағы ереже бойынша, ЕО аумағына кірген мигранттарды тіркеген ел оған жауапты. Сол себепті миграция салмағы Оңтүстік Еуропа елдеріне көбірек түседі.

11 маусымда Италия билігі Жерорта теңізінде құтқарылған мигранттар мінген кемені қабылдамай қойған. Франция мен Испания басшылары Римнің бұл әрекетін сынаған. Франция президенті Эммануэль Макронның айтуынша, Еуропа Одағындағы көші-қон дағдарысы саяси дағдарысқа айналды.

Келісім қабылданған соң Макрон Еуропаның миграция қысымына ұзақ уақыт төзуге мәжбүр болатынын мәлімдеді. "Бүгін Еуропа елдерінің әріптестігі жеңіске жетті", - деді Макрон.

Брюссельдегі дипломатиялық арналардан жеткен мәлімет бойынша, ЕО елдерінің жетекшілері Украина шығысындағы жанжалды шешуде оң өзгеріс байқалмағандықтан Ресейге қатысты санкцияны созуға шешім қабылдаған. Бұған дейін қабылданған санкция мерзімі 31 маусымда аяқталады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG