Грузиядағы №5 түрмеде әйелдердің құқықтары үнемі бұзылатыны туралы "Адам құқықтары орталығы" деп аталатын беделді құқық қорғау ұйымы жариялағаннан кейін аталған түрмедегі жүзден астам әйел аштық акциясын бастаған.
Әлгі түрмеде жазасын өтеп жатқан 109 әйел шілденің 1-і күні Грузия халық қорғаушысы өкілімен кездесуде олардың "құқықтарын бұзып отырған түрме әкімшілігіне наразылық" білдіріп осыдан бір күн бұрын бастаған аштық акциясын жалғастыруға ниетті екендерін растаған. Әйелдер "түрме әкімшілігі тінту кезінде тыр жалаңаш шешінуге мәжбүрлеп, құқықтарымызды өрескел бұзады" деп шағым айтқан.
Тұтқын әйелдерді тексеру кезінде тыр жалаңаш шешіндіретіні туралы "Адам құқықтары орталығы" құқық қорғау ұйымы да жариялаған. Түрме әкімшілігі болса, мекеме қызметкерлері тұтқындармен өздерін қалай ұстау керектігі жазылған қолданыстағы ережелер мен нормаларды бұзған жоқ деп мәлімдеген.
№5 түрме – Грузиядағы әйелдерге арналған үш түрменің бірі. Онда онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс жасаған әйелдер сот кескен жаза мерзімдерін өтеп жатыр.
ПІКІРЛЕР