Accessibility links

Трамп: Сауд Арабиясы мұнай өндіруді ұлғайтуға келісті


АҚШ президенті Дональд Трамп (оң жақта) және Сауд Арабиясы королі Салманның фотоларынан коллаж.
АҚШ президенті Дональд Трамп (оң жақта) және Сауд Арабиясы королі Салманның фотоларынан коллаж.

АҚШ президенті Дональд Трамп мұнай өндіруді 2 миллион баррельге ұлғайту туралы өтінішіне Сауд Арабиясы королі Салманның келіскені туралы мәлімдеді.

«Жаңа ғана Сауд Арабиясы королі Салманмен сөйлестім, оған Иран мен Венесуэладағы былыққа байланысты қазіргі жағдайды еңсеру үшін Сауд Арабиясынан мұнай өндіруді, бәлкім 2 миллион баррельге ұлғайтуды сұрайтынымды түсіндірдім. Баға тым жоғары! Ол келісті!», - деп жазған Трамп Twitter әлеуметтік желісіндегі парағына.

Reuters агенттігі өндірілетін мұнай көлемін мұншама ұлғайту әдеттен тыс көп екенін және Сауд Арабиясы бұл ақпаратты әзірше ресми түрде растамағанын хабарлаған.

Сауд Арабиясы – әлемдегі ірі мұнай өндіруші әрі OPEC ұйымына мүше мемлекеттер арасында негізгі экспорттаушы ел. Бұдан бір апта бұрын OPEC ұйымының негізгі әріптестері мен одақтастары 2017 жылдың басынан бері бірқатар өндірушілердің жіберген олқылықтарының орнын толтыру үшін нарыққа шығарылатын мұнай көлемін ұлғайтуға келісіп, шикізат өндіруді барлық тараптың көңілінен шығатын шамада көбейту туралы уағдаласқан болатын. OPEC ресми өкілдері тәулігіне өндірілетін мұнай көлемі 700 мыңнан 1 миллион баррельге дейін көбеюі ықтимал деп айта бастаған. Трамптың Сауд Арабиясынан өтініп отырған 2 миллион баррель нарыққа түспекші болжамды шамадан екі есе артық деп жазады Reuters.


Сауд Арабиясының мемлекеттік баспасөз құралдары король Салман мен АҚШ президентінің телефонмен әңгімесі кезінде екі лидердің «мұнай базарындағы тұрақтылықты» сақтау және мұнай өндірушілердің «кез келген тапшылықты өтеуге» бағытталған күш-жігерін қолдау қажеттігін айтқаны туралы хабарлады.

Сауд Арабиясының баспасөз құралдары сенбі күні кешкі хабарларында тәулігіне өндірілетін мұнай көлемін 2 миллион баррельге көбейту туралы ешқандай ақпарат таратқан жоқ. Мұнай өнеркәсібіне қатысы бар ресми тұлғалар комментарий беруден әзірше бас тартып отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG