Accessibility links

"Мұнай ұрлау ісі" бойынша айыпталушылар сотта соңғы сөздерін айтты


Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты (Көрнекі сурет).
Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты (Көрнекі сурет).

Ақтөбеде "мұнай ұрлаумен айналысқан қылмыстық топ" деген күдікпен ұсталған 26 адам 2 шілде күні сот алдында соңғы сөздерін айтып болды. Ақтөбе облыстық соты баспасөз қызметінің Азаттыққа хабарлауынша, судья кеңесу бөлмесіне шығып кетті. "Мұнай ұрлаған топқа" үкім бірер күнде оқылуы тиіс.

Сот қарауына түскен тергеу қорытындысына сәйкес, 26 адамға қылмыстық кодекстің "мұнай ұрлығы", "адам ұрлау", "ақша бопсалау", "қару сақтау", "бөтеннің мүлкін талан-таражға салу" және басқа да баптары бойынша айыптар тағылған. Сотталушылар арасында облыстық ішкі істер департаменті басшысының бұрынғы орынбасары да бар.

"Қылмыстық топты басқарды" делінген Еркін Ізбасар мен оның серіктеріне тергеу негізінен мұнай ұрлаумен айналысты деген айып тағып отыр. Әзірше ұрланған мұнайдың нақты көлемі мен келтірілген шығынның жалпы сомасы туралы мәлімет әрқилы. Бұған дейінгі сот мәжілістерінде "ұрланған мұнай" құнын тергеушілер геология және жер қойнауын пайдалану департаменті маманы жасаған есепке сүйене отырып, 39 миллион теңге деп көрсеткен еді. Кейінгі отырыстарда түрлі сараптамалардан соң бұл соманың 16 миллион теңге болғаны туралы айтыла бастады. Еркін Ізбасар мен оның серіктері деп сипатталатын сотталушылар өздерінің мұнай ұрлығына "еш қатысы жоқ" екенін айтады.

2016 жылдың желтоқсанында Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) қызметкерлері мен коррупцияға қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы және ішкі істер министрлігі бірлесіп Ақтөбе облысы және тағы кей облыстарда "мұнай өнімдерін жымқырумен айналысқан" деген күдікті топты қолға түсіру операциясын жүргізген. Кейін сот операция барысында ұсталған жиырмадан астам күдіктіні қамауға санкция берген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG