Accessibility links

Адвокат: Тұңғышбаев тағы бір бап бойынша күдікті деп танылды


Белсенді Мұратбек Тұңғышбаев сот залында отыр. Бішкек, 19 маусым 2018 жыл.
Белсенді Мұратбек Тұңғышбаев сот залында отыр. Бішкек, 19 маусым 2018 жыл.

Қазақстандық оппозициялық белсенді, блогер Мұратбек Тұңғышбаев Қылмыстық кодекстің 266-бабының 1-бөлімі ("Қылмыстық топтың әрекетін қаржыландыру, сол сияқты мүлiктi сақтау, бөлу, қаржыландыру арналарын әзiрлеу") бойынша күдікті деп танылды деп хабарлады оның адвокаты Гүлнәр Жуаспаева.

Адвокаттың Азаттық тілшісіне айтуынша, ол шілденің 2-сі күні Алматыдағы СИ-18 тергеу изоляторында қамауда отырған Тұңғышбаевпен кездескен. Ол Тұңғышбаевпен бірнеше күннен бері кездеспекке талпынып, бүгін әзер дегенде кездесе алғанын айтады.

"Оны Қырғызстаннан өткен сәрсенбіде (27 маусым - ред.) күні алып келген екен. Содан бері ешқайда апармаған. Абақтыда басында маған Тұңғышбаев ол жерде жоқ деп алдағанын кейін білдім. Бұл жерде Тұңғышбаевты абақтыға ауыстырған соң оған көзіне жасалған операциядан кейін тағайындалған дәрі-дәрмегін алып қойған. Қазір денсаулығы әлсіз, көруі нашарлай бастаған. Ол емін ары қарай жалғастыруға рұқсат беру туралы арыз жазғанын айтты" деді адвокат.

Жуаспаеваның сөзінше, Тұңғышбаев өзіне кездесуде тергеуші берген құжатын көрсеткен. "Құжатта Алматы қалалық ішкі істер департаментінің аға тергеушісі Алмат Қаңтарбаевтың Мұратбек Тұңғышбаевты ҚК 406-бабының 2-бөліміне ("Экстремистік ұйымның әрекетіне қатысу") қоса 266-бабы бойынша да күдікті деп танығаны айтылады.

Адвокат Қырғызстан соты Тұңғышбаевты "Қазақстан Тұңғышбаевты елде бір ғана бап - 405-баптың 2-бөлімі бойынша ғана жауапқа тартуы тиіс" деген шартпен экстрадициялағанын айтады.

Қылмыстық кодекстің 406 бабының 2-бөлімі бойынша екі жылға дейін шартты жаза, ал 266 баптың 1-бөлімі бойынша үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Қырғызстаннан Қазақстанға жақында экстрадицияланған Мұратбек Тұңғышбаев тергеу уақытында Алматыда абақтыға екі айға қамалған.

Оқи отырыңыз: Туыстары Тұңғышбаевты Алматы полициясында ұстап отырғанын айтады

Қазақстандық оппозициялық белсенді әрі блогер Мұратбек Тұңғышбаевты 26 маусымда Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті Қазақстанның құқық қорғау органдарына тапсырған. HRW адам құқығын қорғау ұйымы Қырғызстанның азаптауға ұшырауы мүмкін екеніне қарамастан саяси астары бар іс бойынша айыпталған белсенді Мұратбек Тұңғышбаевты Қазақстанға тапсыруын айыптаған.

Мұратбек Тұңғышбаевты Қырғызстан арнайы қызметі 10 мамырда Бішкекте Қазақстан билігінің сұрауымен ұстаған. 25 маусымда Бішкектің Октябрь аудандық соты Қырғызстан Бас прокуратурасының Мұратбек Тұңғышбаевты Қазақстанға қайтару туралы шешімін қолдаған.

Қазақстан билігі Мұратбек Тұңғышбаевты "экстремистік ұйым ретінде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын қолдайды" деп айыптап отыр. Тұңғышбаев аталған қозғалысқа қатысы жоғын айтып, бұл айыптың саяси астары бар деп мәлімдеген.

21 мамырда Қырғызстан Бас прокуратурасы Мұратбек Тұңғышбаевты Қазақстанға экстрадициялау туралы шешім шығарған. Бұған дейін оны қамауға алу туралы шешімге қарсы берілген шағымдардың ешқайсысы қанағаттандырылмады. Қырғызстанның миграциялық қызметі 5 маусым күні Азаттыққа Мұратбек Тұңғышбаевтың өзіне босқын мәртебесін беру туралы өтінішін қарастырып жатқанын хабарлаған болатын.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG