Accessibility links

Ерімбетов сотында прокурор жәбірленушіге "дұрыс сұрақ" қоюға шақырды


Ескендір Ерімбетов сот залында. Алматы, 14 маусым 2018 жыл.
Ескендір Ерімбетов сот залында. Алматы, 14 маусым 2018 жыл.

Кәсіпкер Ескендір Ерімбетов пен тағы үш адамның үстінен "алаяқтық" ісі бойынша өтіп жатқан сот процесінде жәбірленуші тарап өкілдерінен жауап алына бастады деп хабарлайды Азаттық тілшісі. Жәбірленуші ретінде алты компания мен Жамбыл облыстық әкімдігі танылған.

Алғаш болып "Қазавиаорманқорғау" компаниясының өкілі сұралды. Компания өкілі сөзінен жаңылыса бастағанда прокурор Ерімбетовтің қорғаушыларын оған "дұрыс сұрақ" қоюға шақырды. Ал судья Тәкен Шәкіров жауап берушіден "ойдан ештеңе құрастырмауды" сұрады. Жәбірленуші "Қазавиаорманқорғау" компаниясында тергеу зиян шеккені туралы хабарлағанға дейін Sky Service компаниясына ешқандай шағымы болмағанын айта бастаған. Сол кезде айыптаушы прокурорлар қорғаушы тараптың сұрақ қоюына қарсы шықты. Есіркеповтің адвокаты Игорь Лифшицтің "Sky Service компаниясы "Қазавиаорманқорғаудан" не жымқырды?" деген сұрағына компания өкілі "Білмеймін" деп жауап берді.

Қазір сотта жәбірленуші тарап әлі жауап беріп жатыр.

Ескендір Ерімбетов пен Михаил Зоров, Дмитрий Пестов және Василина Соколенкоға "алаяқтықпен айналысты - алдын ала келісіп, біреудің мүлкін алдау я сеніміне кіру арқылы бірнеше рет жымқырды" деген айып тағылған. Айыптау актісінде аталған азаматтардың "2010-2017 жылдары мемлекеттік сатып алулар бойынша байқау өткізген мемлекеттік кәсіпорындар мен квазимемлекеттік сектордағы ұйымдардан авиция саласындағы Sky Service компаниясының қызметтеріне тым жоғары ақы алу арқылы 208 миллион теңгеден астам ақша жымқырғаны" жазылған.

Тергеушілер сотталушылар қаржысын жымқырды деген компаниялар арасында мемлекеттік "Қазавиаорманқорғау" мекемесі мен Денсаулық сақтау министрлігінің "Республикалық санитарлық авиация орталығы" мекемесі, "Қазавиақұтқару" мекемесі, Азаматтық авиация академиясы, KEGOK компаниясы, "Евро-Азия Эйр" әуе компаниясы және Жамбыл облыстық әкімдігі бар. Сот процесінде бұл жеті заңды тұлға жәбірленуші деп танылған.

Сот процесі ашық өтіп жатыр. Бірақ БАҚ өкілдері мен сотқа қатысқысы келгендерді сот залына кіргізген жоқ. Олар сот барысын монитор орнатылған басқа бөлмеден бақылап отыр. Ескендір Ерімбетовтің жақтастары бүгін де әдеттегідей сот прцесі кезінде әлсін-әлсін қатты дауыстап Ерімбетовке қолдау көрсетіп, сотқа көңілдері толмайтынын білдіріп отырды.

Ерімбетовті қорғаушылар қатарында Игорь Лифшиц, Жанар Балғабаева мен Серік Айтбаев және оның ата-анасы Ғайни мен Мырзахан Ерімбетовтер, әйелі Мадина Ерімбетова бар. Михаил Зоровты адвокат Ольга Ким, Дмитрий Пестов пен Василина Соколенконы "аты аталғанын, қорғауындағы азаматтардың ісі жария болғанын қаламайтын" бір адвокат қорғайды. Ерімбетов пен оның серіктесі болған үш азамат "жымқыру" және "ақшаның жылыстату" күдігімен былтыр қарашаның 13-інде ұсталған.

Ескендір Ерімбетовке тағы бір іс – БТА банкінен заңсыз әкетілген "ақшаны жылыстату" ісі бойынша айып тағылған. Шетелде тұратын әрі Қазақстан билігін сынап жүрген БТА Банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязов пен оның заңгері болып жұмыс істеген Бота Жәрдемәліге (Ерімбетовтің қарындасы) де айып тағылған. Бірақ бұл іс бойынша тергеу амалдары әлі аяқталған жоқ. Ерімбетовтің туыстары америкалық адвокат Джаред Генсермен оны қорғау туралы келісім жасасқан. Маусымның 14-інде Алматыда алғашқы сот отырысына қатысқан ол АҚШ-қа қайтқан соң "Ерімбетов ісінде қандай жайттарды заң бұзу деп санайтынын және кәсіпкерді қарындасын елге қайтарып, оппозициялық саясаткерге қарсы түсінік беруге мәжбүрлеу үшін қудалап отыр" деп санайтынын жазған.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG