Accessibility links

Астанада халықаралық қаржы орталығы ашылды


"Астана" халықаралық қаржы орталығының ашылу салтанаты. Астана, 5 шілде 2018 жыл.
"Астана" халықаралық қаржы орталығының ашылу салтанаты. Астана, 5 шілде 2018 жыл.

Астанада "Астана халықаралық қаржы орталығының" ресми түрде ашылды. Ашылу салтанатына қатысып, сөз сөйлеген Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қаржы орталығының ашылуы "экономиканы орнықты дамытудағы маңызды қадам" саналатынын айтты. Оның сөзінше, қаржы орталығының қазақстандық моделінде әлемдік қаржы орталықтарының "ең үздік тәжірибелері" негізге алынған.

Назарбаев қазақстандық және шетелдік бизнесмендерді Астанадағы қаржы орталығының жұмысына қатысуға шақырды. Ол Астана "аймақтағы ең басты қаржы орталығы болуы тиіс" деп санайды.

"Астана халықаралық қаржы орталығы" президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күнімен сай келетін Астана күні қарсаңында ашылып отыр. Қаржы орталығын құру бастамасын Назарбаев 2015 жылы көтерген. Орталық Астанада 2017 жылы өткен ЭКСПО көрмесіне салынған ғимараттарға орналасады.

Астанада қаржы орталығын құру үшін "Астана халықаралық қаржы орталығы туралы" заң қабылданып, Конституцияға өзгеріс енгізілген. Ол бойынша, қаржы орталығы аумағында ағылшын құқығының күші жүреді.

Қазақстандық заңгерлер Арман және Уәлихан Шайкеновтер былтыр қазақстандық Forbes журналына берген сұхбатында Астана қаржы орталығы туралы заңды "конституцияға қайшы" және "ұлттың бірлігіне нұқсан келтіреді" деп санайтынын айтқан. Олар Астанада "Қазақстанның өз Гонконгін" құруға талпына және оны конституцияға түзету өнгізу арқылы заңдастыру Қазақстанның біртұтастығын бұзуы мүмкін екенін айтқан.

Маусымның соңында америкалық Forbes журналында жарияланған мақалада "Астана халықаралық қаржы орталығының" келешегіне қатысты күдік келтірілген. Мақала авторы "бұл идеяның қаншалықты табысты болып шығарын түсіну үшін кем дегенде он жыл күту керек болатынын" жазған. "Әлемдік қаржы менеджерлері "Астана халықаралық қаржы орталығының" мәселесі оның идеясында емес, орналасқан жерінде екенін айтады. Оны өміршең қылу үшін, көптеген компанияны тарту керек" деп жазды Forbes.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG