Ресей аннексиялаған Қырым соты 5 шілде күні украинашыл белсенді Владимир Балухты үстінен қозғалған екінші қылмыстық іс бойынша бес жыл бас бостандығынан айыру жазасын кесіп, 10 мың рубль айыппұл салды. Азаттықтың Украин редакциясының жобасы - "Крым.Реалии" сайтының хабарлауынша, белсенді уақытша ұстау абақтысының ережесін бұзды деп айыпталды.
Белсендіге қарсы іс Раздольное кентіндегі уақытша ұстау абақтысының бастығы Валерий Ткаченконың арызы бойынша қозғалған. Ткаченко арызында Балухты өзіне қол жұмсады деп айыптайды. Бірақ Балух пен оның адвокаты керісінше, Ткаченконың белсендіге соқтыққанын айтады.
Прокуратура Балухты бұл іс бойынша төрт жылға, алғашқы ісімен қосқанда барлығы алты жылға соттауды сұраған.
Қырымда тұратын Украинашыл белсенді өзін сотпен қудалауға қарсылық танытып, биыл 19 наурыздан бері аштық жариялаған.
Владимир Балухты 2016 жылы 8 желтоқсанда Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) қызметкерлері ұстаған. Арнайы қызмет оның үйінен "90 патрон мен бірнеше тротиль ыдысын тапқанын" айтады. Былтыр 4 тамызда Қырым соты Балухты "қару және жарылғыш зат ұстады" деп айыптап, үш жыл бес айға соттап жіберген. Балух өзіне тағылған айыпты мойындамайды және өзін Украинаны қолдайтын ұстанымы үшін жазаланып отырғанын айтады. Белсенді үйі тінтілер алдында ауласына Украинаның туын тігіп қойған еді.
ПІКІРЛЕР