Accessibility links

АҚШ: Иммиграция саясатына қарсы белсенді Азаттық мүсініне шығып алды


Нью-Йоркте Азаттық мүсініне шығып кеткен әйел. АҚШ, 4 шілде 2018 жыл.
Нью-Йоркте Азаттық мүсініне шығып кеткен әйел. АҚШ, 4 шілде 2018 жыл.

Нью-Йоркте полиция Азаттық мүсініне шыққан әйелді ұстады. New York Times газетінің хабарлауынша, АҚШ-та "заңсыз иммиграцияға төзбеу" саясатына қарсылық білдірген әйел Тереза Окуму мүсін басына шыққан. Белсенді АҚШ-пен шекарада америка билігі ажыратқан заңсыз мигранттардың балаларын түгел босатпайынша төменге түспейтінін мәлімдеді. Оқиға 4 шілде - АҚШ тәуелсіздігі күні күндізгі уақытта болды. Мереке кезінде мүсінді тамашалауға туристер жай күндегіден көп барады. Полиция мүсінді көруге Азаттық аралына барған 4500-ге тарта адамды эвакуациялады. Полицейлер әйелмен үш сағаттан астам уақыт келіссөз жүргізіп, төмен түсуге көндіре алмаған соң мүсіннен өздері түсірді. Белсендінің үстінен сот 5 шілдеде өтеді.

Бұған дейін мүсін жанында АҚШ президенті Дональд Трамптың миграциялық саясатына қарсы шыққан жеті адам ұсталған. Белсенділер иммиграция және кеден қызметін заңсыз мигранттарды балаларынан бөлді деп айыптап, ведомствоны жабуды талап еткен.

АҚШ-та заңсыз келген мигранттарға төзбеу саясаты бойынша, елге заңсыз кірген мигранттарды шекарада ұстап, сотқа дейін қамауда ұстай бастаған, ал балаларын ата-анасынан бөліп алған. Бұл саясат құқық қорғаушылардың, БАҚ пен президент қарсыластарының сынына ұшыраған. 20 маусымда президент Дональд Трамп заңсыз мигранттарды балаларынан ажыратпайтын жарлық шығарған. Ол бойынша, енді заңсыз мигранттардың ересек балаларын егер олардың туыс екендігі расталмаған жағдайда ғана ажыратылады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG