Accessibility links

Цукерберг әлемдегі ең бай үш адамның біріне айналды


Марк Цукерберг.
Марк Цукерберг.

Facebook әлеуметтік желісінің негізін қалаушы Марк Цукерберг әлемдегі ең бай адамдар тізімінде үшінші орынға шықты. Ал тізім басында Amazon негізін салған Джефф Безос пен Microsoft компаниясын құрған Билл Гейтс тұр деп жазады Bloomberg.

Осылайша, бүгінгі таңда әлемдегі ең бай миллиардерлер тізімі басындағы үштік жоғары технологиялар индустриясы өкілдерінен тұрады. Bloomberg индексі бойынша, қазіргі кезде әлемдегі ең бай 500 адамның жиынтық капиталының шамамен бестен бір бөлігі IT саласында табысқа жеткен кәсіпкерлердің еншісіне тиеді. Бұл осы индекстегі бизнестің өзге кез келген саласының үлес салмағынан көп.

Жұма күні Facebook акцияларының 2,4 пайызға қымбаттап, тарихи максимумға жетуі Цукербергтің әлемдегі ең бай үш адамның қатарына енуіне себеп болған. 34 жастағы Марк Цукербергтің байлығы 81,6 миллиард доллар деп бағаланады. Ал одан кейінгі орында тұрған Berksire Hathway конгломератының басшысы 87 жастағы Уоррен Баффеттің байлығы Цукербергтікінен 373 миллион долларға аз.


2016 жылы АҚШ президенті сайлауы кезінде ресейлік хакерлердің Facebook платформасын пайдаланғаны туралы жанжалдан кейін наурыз айында компания акцияларының бағасы қатты арзандап кеткен, бірақ нарық қатысушыларының оған деген сенімін жоғалтпай сақтап қалуы шығынның орнын қайта толтыруға мүмкіндік берген.

Бір кездері әлемдегі ең бай адам саналған Уоррен Баффет филантроптық мақсаттарға ауқымды қаржы бөлген соң, 2006 жылдан бастап бай адамдар рейтингінде төмендей бастаған. Сол кезден бері Баффет түрлі қайырымдылық қорларға, соның ішінде бірінші кезекте Билл және Мелинда Гейтстер қорына Berksire Hathway компаниясының 290 миллион акциясын берген. Қазіргі уақытта ол акциялардың құны 50 миллиард доллардан асып отыр. Марк Цукерберг байлығының 99 пайызын қайырымдылыққа жұмсауға уәде еткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG