Accessibility links

Трамп Путинмен кездесуге дайын екенін айтты


АҚШ президенті Дональд Трамп.
АҚШ президенті Дональд Трамп.

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен шілденің 16-сында Хельсинкиде кездесуге әзір екенін айтты. France Press агенттігі "Трамп өзін тәжірибесіз деп сынаған америкалық журналистердің сынына осылайша жауап берді" деп жазады. "Бәрі "Путин КГБ-дан ғой, Трамп дайын ба екен?" деп сұрайды. Путин – қарапайым адам. Бәріміз қарапайымбыз. Мен кездесуге әзірмін. Өмір бойы осындай кездесулерге дайындалдым", - деген Трамп.

Bloomberg агенттігінің жазуынша, Трамп пен Путин Сириядан Иран әскерін шығарып, оларды Дамаскіні қолдайтын өзге әскерилерге айырбастау мәселесін талқыламақ. Бұған АҚШ пен Израиль мүдделі. Агенттік ақпаратынша, Путин бұл жөнінде Ақ үй жетекшісімен оңаша әңгімелескісі келеді.

Bloomberg-ке пікір білдірген мамандар "Путиннің Трамп қойған талаптарға алдын-ала келіскенін, қазір осы жөнінде Тегеранмен келіссөзді бастап кеткенін" айтқан. Алайда Ресей Сыртқы істер министрлігі "оқиғаның бұлай өрбуі неғайбыл" дейді.


Кейбір БАҚ-тың жазуынша, келіссөзде талқылануы мүмкін тақырыптың тағы бірі қару-жарақты бақылау мен орташа және қысқа қашықтағы зымырандар жөніндегі келісімнің орындалуы болмақ. Соңғы уақытта АҚШ пен Ресей келісімді бұзды деп бірін-бірі бірнеше рет айыптаған.

Бұған дейін екі елдің президенттері екі жақты қарым-қатынас пен Украинадағы жағдайды, Сириядағы жанжал мен Мәскеудің АҚШ-тағы сайлауға ықтимал араласуы жайын талқылауы мүмкін екені айтылған.

Журналистердің ақпараты бойынша, Мәскеу мен Вашингтон ең болмаса бір мәселе бойынша мәмілеге келуді қалайды. Сонда бұл "Трамптың "саммитті сәтті өтті" деп айтуына және Ресеймен қатынасты жақсартуға ілік болар еді", - деп жазады басылымдар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG